$485.04 €525.98 ₽5.04
×

Таразда тоғыз қабатты әкімшілік ғимаратта алапат өрт шығып, 8 адам зардап шекті

AstanaTV
19.06.2015ж. 20:00
1630
Таразда тоғыз қабатты әкімшілік ғимаратта алапат өрт шығып, 8 адам зардап шекті

Таразда тоғыз қабатты әкімшілік ғимаратта алапат өрт шықты. Аймақтық ТЖД мамандарының дерегінше, қызыл жалын 2000 шаршы метрдей аумақты шарпыған. Әзірге өрттен қаза тапқандар туралы ақпарат жоқ. Тілсіз жаудан 8 адам зардап шекті. Олардың төртеуі түтін иісінен уланған, өзгелері дене жарақатын алған. Өрт сөндірушілер келгенше, ғимараттағылар іштегілерді терезеден лақтырған.

9 қабатты ғимарат Тараздағы Желтоқсан мен Сүлейменов көшелерінің қиылысында орналасқан. Алдын ала болжам бойынша, тілсіз жау 2-ші қабаттағы бөлмелердің бірінде электр желілерінің тұйықталуынан шыққан болуы мүмкін. Өртті сөндіруге 8 арнайы көлік жұмылдырылды. Бірқатар ведомстволар мен емхана орналасқан әкімшілік ғимараттағы адамдар түгелдей қауіпсіз жерге шығарылды. Бұл маңда көлік қозғалысы тоқтатылып, өрт болған нысанға жақын көшелер жабылды. 

Алмаз Тілеубаев, куәгер:

Бірінші этажға түссек, адам ештеңе істей алмайды. Сөйтіп қайтадан үшінші этажға жүгірдік. Терезені сындырып үшінші этажда. Төрт қыз бар еді. Оларды бірінші лақтырдық үшінші этаждан.  

Сәуле Мұнатева, Жамбыл облысы ТЖД баспасөз хатшысы:

Алдын ала мәліметтер бойынша, өрт ғимараттың екінші қабатынан шыққан. Электр сымының тұйықталуынан болуы мүмкін. 17.40-та өрт ошағы ауыздықталды, ал 18.05-те толықтай қызыл жалынды оқшауладық. Шамамен 1971 шаршы метр аумақ өртенген. 8 адам зардап шекті. Оның төртеуі түтіннен уланса, төртеуі дене жарақатын алған, тіпті күйіп қалғандар да болуы мүмкін.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ