$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыда 4 баллдық жер тербелісі сезілді

AstanaTV
09.08.2017ж. 20:00
2541
Алматыда 4 баллдық жер тербелісі сезілді

Қытайдағы зілзала Алматы жұртшылығын да ұйқыдан ерте оятты. Мегаполис халқы 4 баллдық тербелісті сезінді. Теңселген шамдар мен сықырлаған ыдыс-аяқ, қорқыныш пен үрейге бөледі,- дейді қала тұрғындары. Зілзала тағы қайталануы мүмкін бе? Сейсмологтар болжамы қандай? Тілші анықтап көрді.

Олжас Нұржақып, тілші:

Араға 4 жыл салып, қала жұртшылығына үрей ұялатқан 4 баллдық зілзала таңғы ұйқыны төрт бөлді. Көп қабатты тұрғын үйлер мен ғимараттар тербеліп, шамдар теңселгенімен, табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен жан жоқ. Тек, халықтың жүрегінде қорқыныш басым. Әсіресе хабарламаның кеш келгеніне көңілдері толмайды.

Люстра қимылдап, шкафтардың даусын естіп, шошып оянып кеттім. Үйдегілерді оятып далаға шыққанбыз.

Қорқасың, қанша дегенмен. Бірақ таңертең смс хабарлама келді. Алдын-ала ешқандай ақпарат берілмеді.

Бұрындары сондай ескертулер болатын еді ғой, Алматыда жойқын жер сілкінісі болады деген. 4 балл дейді, аз болса да бізге үлкен қорқыныш ұялатты. 


Бұл - таңғы ұйқыны бөлген зілзала көрінісі. Төтенше жағдайлар комитеті табиғат апатымен күрес екі алгоритм бойынша жүргізілетіндігін айтты. Бірі - дабыл қағу, екіншісі - смс хабарлама. Бірақ таңғы тербелісте екеуін де сезіне алмадық. Тек араға бірер сағат салып қана, тұрғындар телефонына 4 баллдық зілзала жайлы ақпарат жіберілді. Табиғаттың тосын сыйын алдын-ала болжайтын құрылғы әлемде болмағандықтан, әзірге осындай қадамдармен шектеліп келеміз дейді, мамандар.

Руслан Иманқұлов, ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі:

СМС хабарламаларды трансляциялау жүйесі тез таратуды жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. 1 сағат ішінде смс хабарламаларды жеткізу орташа 200 мыңнан 350 мыңға дейін абонентті құрайды. Қолданыстағы смс тарату жүйесіне шұғыл, тез құлақтандыру үшін емес, халыққа ақпарат беруге арналған құрал ретінде қарау қажет, сондықтан. Бүгінде жер сілкінісін болжай алатын қандай да бір технология жоқ.

Дей тұрғанымен, сейсмология бас маманы бұл жолғы жер тербелісінің қауіпті еместігін айтты.

Әнуар Боранбаев, "Сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық орталығы" АҚ басқарма төрағасы:

Қалада сезілген 4 баллдық жер сілкінісі Алматы мен Алматы облысы үшін қауіпті емес. Өйткені өңір зілзала кіндігінде орналасқан. 19-20 ғасырларда бұдан да жойқын жер тербелістері орын алды. Сол кезеңнен бері, үйреншікті табиғи құбылысқа айналған. Әрине, бүгінгі жер сілкінісі соңғысы емес. Төтенше жағдай әлі талай қайталанады.

Бүгінде Алматыдағы тұрғын үйлердің 27 пайызы сейсмо қауіпті саналса, 31 пайызының жағдайы белгісіз. Тек 42 пайыз баспана сейсмикалық төзімді екен. Сондықтан алдағы уақытта мегаполисте 7 мыңға жуық әлеуметтік нысанды тексеру жоспарланып отыр.

Олжас НҰРЖАҚЫП