$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Ел дамуына кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға қоғам болып жұмылуға тиіспіз

AstanaTV
19.06.2015ж. 20:00
1110
Ел дамуына кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға қоғам болып жұмылуға тиіспіз

«Transparensy International» халықаралық ұйымының рейтингі бойынша елімізде соңғы 10 жылда жемқорлық фактілері көбейген. Бұл жайында Алматыда өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша өңірлік кеңес жетекшілері бас қосқан жиында айтылды. 

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің пайымынша, қоғамның дамуына кедергі келтіретін сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға мемлекет қана емес, бүкіл қоғам күш салуы тиіс. Сонда өршіген індетке тосқауыл қою мүмкін болмақ. Ол үшін елімізде 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы әзірленген. Бауыржан Байбек өз сөзінде, бүгінде партия Елбасы бекіткен «Бес институционалдық реформаны» жүзеге асыру бойынша, мемлекеттік органдар жұмысын бақылауға алғанын баяндады.

Бауыржан Байбек, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасы айтқандай, жемқорлық - біздің барлығымыз бақылауда ұстайтын маңызды бағыт. Бағдарламаға сай 2020 жылға қарай жемқорлыққа тыйым салуға бағытталатын 15 заңнама жоспарлануда. Партия фракциясы қазір осымен айналысуда.

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша өңірлік кеңес жетекшілеріне бірнеше тапсырма берді. Алғашқысы - бастауыш партия ұйымдарының жемқорлық дертімен күресте тұрақты әдістемелік және тәжірибелік көмекті ұйымдастыруы тұрғысында. Екіншіден - өскелең ұрпақпен тығыз қарым-қатынастағы «Жас Отан» жастар қанатының жұмысына ерекше назар аудару қажет. «Өйткені жастар - қоғамның қозғаушы күші», - деп атап өтті Бауыржан Байбек.

Партия тарапынан «Әдеп» кодексінің жобасы әзірленді. Ол бастауыш партия ұйымдарының талқысына жіберіліп, «Нұр Отан» партиясының ресми сайтында жарияланған. Жоба өз кезегінде партиялық тәртіпті нығайтып, қоғамның партияға деген сенімін жоғарылатады.

Айгүл ЕРМАХАН