Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ресейде бас көтерген шегірткелер Қазақстанға да қауіп төндіріп тұр

AstanaTV
01.07.2015ж. 20:00
1287
Ресейде бас көтерген шегірткелер Қазақстанға да қауіп төндіріп тұр

Ресейде бас көтерген шегірткелер Қазақстанға да қауіп төндіруі мүмкін. Зиянкес жәндіктер көрші елмен шекаралас аудандардағы шаруаларды шығынға батырады. Бізде шегірткемен күресте арнайы мониторниг жүргізетін қызмет құрылған. Алайда Ресейде ондай жүйе жоқ болғандықтан зиянкестерді алдын ала анықтау шаралары жүргізілмейді. Бұл туралы ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, шегірткелерге қатысты алдын ала ескерту жүйесі 2000 жылдардан бері жолға қойылған. Яғни біз олардың қай жерден қанша көлемде шығатынын ерте анықтап, соған сай дәрілік пестециттерді сатып аламыз,-дейді министр.

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауылшаруашылығы министрі:

Профилактикалық жұмыстарды біз жыл басынан бері жүргізіп келеміз. Өкінішке орай солтүстік көршілерде ондай жүйе жоқ. Біз олармен бірнеше мәрте келіссөздер жүргіздік. Ресейге шегірткелердің қозғалысын ертерек анықтап шара қолдану үшін заңдарына өзгеріс енгізу керек. Олар жағдайды үнемі бақылауда ұстап отыра алмайды. Ол жақтан жел соғып, шегірткелері бізге ауса, біздің шаруаларға ол проблема, шығын болады. Қазір мамандарымыз келіссөздер жүргізу үшін Ресейге кетті. Бірақ өкінішке орай әлі алға жылжушылық байқалмайды.

Бұған дейін Атыраудың Ресейдегі Астрахан облысымен шекаралас аумағындағы шаруалары шегірткеден зиян шегіп жатқанын айтқан едік. Әсіресе Құрманғазы ауданында шегіртке өте көп. Облыстық аумақтық инспекция мамандары жәндіктермен күрес жүргізуде. Бірақ су тапшылығына құрғақ жерде жүретін шегіркенің «азиялық» түрі қаптаған. Қазір облыста шегіртке жайлаған аумақтарды өңдеу жұмыстары аяқталды. Аумақтық инспекция мамандарының айтуынша, биыл 78 мың 600 гектар жер өңделген. Оған мемлекет қазынасынан 82 млн теңге бөлініп, толық игерілді. Жергілікті мамандар Астрахан облысының үш ауданында шегірткеге қарсы төтенше жағдай жарияланғанын айтады. Қалың шегірткенің Атырауға ұшып келу қаупінің де бар екенін жоққа шығармайды. Шегірткелер 500 шақырымға дейін ұшып бара алады. Алайда мамандар шабындық жерлер үшін олардың зияны жоқ, - деп сендірді.

Әбилә Қазиева, Атырау облысы аумақтық инспекциясының өсімдіктерді қорғау бөлімінің басшысы:

Ұшып келіп, жұмыртқа салуы мүмкін. Салынған жұмыртқа қыстап шығады да келесі жылға жаңағы айтқандай, сигналчиктер болуы керек. Сол жерді біз анықтауымыз керек, кординациясын белгілеуіміз керек. Сол жерді тек келесі жылдың болжамына сала аламыз. Келесі жылға сол жерді мынаша аумақта өңдеу жұмыстары жүргізіледі деген жоспарға саламыз. Ол ұшып келіп қонған шегірткенде ауыл шаруашылығына келген залал болмайды.

Айгүл ӘДЕПБАЙ