Қазақстанның
мәдени өмірінде айтулы оқиға. Әйгілі композитор Джузеппе Вердидің Аида операсы
Астананың қақ ортасында ашық аспан астында сахналанды. Бұл қала күніне арналған
ерекше тарту болды. Бұрын соңды болмаған шоу бағдарламаға өнер сүйер қауым
таңдай қағысты. Бейбітшілік және келісім сарайы опера үшін табиғи пирамида
ретінде қолданылып, шынайы декорацияға айналды. Алып бағаналар мен сан алуан
мүсіндер орта ғасырдағы Мысырды елестетеді. Мысыр қолбасшылары, жауынгерлері
сахнаға атпен шығып, оқиғаның шынайылығын арттыра түсті.Табиғат аясындағы операны бұған
дейін көрмеген халық, тарихи оқиғаны телефондарына түсірумен болды. Аиданы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та тамашалады. Джузеппе Вердидің «Аидасы» тамырын
ежелгі Мысыр мен Эфиопия соғысынан алады. Ол тарихи оқиғаға негізделген.
Эфиопия патшасының қызы Аида мысырлықтарға құлдыққа түседі. Оған Мысыр
әскерінің қолбасшысы Радамес ғашық болады. Алайда олардың махаббаты баянсыз.
Радамеске Мысыр перғауынының қызы Амнерис те ғашық. Екі жұптың қосылуына ол
кедергі келтіреді. Қоюшы режиссері опера әлемінің тірі құдайы саналатын Франко
Дзеферелли. Алайда бұл жолғы Аиданы бұрынғы режессурасын сақтай отырып, Ресей
халық әртісі Юрий Александров сахналады. Патша күзетінің басшысы Радамес
партиясын орындау үшін Болгариялық тенор Камен Чанев шақыртылған. Ал Аида рөлін
Астана Опера театрының жетекші солисі Жұпар Ғабдуллина орындады. Сонымен қатар
Башқұртстан және Армениядан келген опера әншілері өнер көрсетті. Солистерді,
балет бишелерін, хорды қоса есептегенде, қойылымға барлығы 300-ге жуық әртіс
қатысты. Операның соңы әдемі от шашумен аяқталды.
Айгүл ӘДЕПБАЙ