Тамыздың 10-ы мен 14-і
аралығында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрме аясында өткен Сыр
елінің мәдени күндері гала концертпен аяқталды. Олар 4 күн бойы астаналықтар
мен қала қонақтарын мәдени шараларымен, жәрмеңкемен және өзге де қызыққа толы
бағдарламамалармен тәнті етті. ЭКСПО көгін ән-жырға бөлеген думанда біздің
түсірілім тобымызда болған еді.
Сыр өңірінен жырдан өзге ең
үздік тағамдар мен өнімдер әкелініпті. 2 күндік көрмеде Астанаға 270 тонна өнім
әкелінген. Оның құны 60 млн-ға жуық. Өнімдер қолжетімді бағамен сатылған. Қызылода облысының мәдени күндері «Сырдария -
жырдария» деген атау таққан гала-концерт түйіндеді. Шара аясында халықаралық
ғарыш станциясындағы 52-ші экспедиция экипажы, ғарышкерлер Федор Юрчихин мен
Сергей Рязанскиймен телекөпір өткізілді.
Ғарышкерлер: "Барша қазақстандықтар мен қонақтарына
жалынды сәлем. Ел аман, жұрт тыныш болып, қызықты бастамаларыңыз көптеп жүзеге
аса берсін».
Кешке құрметті қонақтардан өзге
ел ағалары, зиялы қауым өкілдері арнайы келген. Гала концертте негізінен тек
Қызылордадан қанат қаққан өнерпаздар мен өңірдің талантты жастары өнерлерін паш
етті.
Елена Әбдіхалықова, әнші:
Қазақ тарихындағы көптеген әндер мен күйлер, нағыз музыканың кеші өтті. Мереке ойдағыдай өтті. Қызылорда облысының әлеуметтік және мәдени деңгейі өте жоғары. Мұны Елбасы да атап өтті.
Басқа қалада, тіпті басқа елде жүрген қызылордалықтар туған жерге деген сағынышын бір басып алғандарын айтады. Илья Ильин туған жерінің мәдени күндеріне арнайы мұхит асып келіпті.
Илья Ильин, ауыр атлеткадан әлем чемпионы:
Бәрі де тамаша өтті. Маған қатты ұнады. Біздің өнерпаздар барын салғаны көрініп тұр. Мен басқа жақта жүріп, ЭКСПО көрмесіне де алғаш келдім десем болады. Бәрі мен ойлағаннан да керемет. Біздің шағын өңірдің озық мәдениетін, қонақжайлылығын барша қазақстандықтар тағы бір көрді деп сенемін. Өңіріміз жыл сайын өсіп-өркендеп келеді.
Осылайша көрме аясында өткен
сыр елінің мәдени күндері Астана тұрғындары мен қонақтарына тағы бір керемет кеш сыйлап кетті.