Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Батыс Қазақстан облысында екі жарым мыңдай адам құлақ-мұрын ауруларына шалдыққан

AstanaTV
02.07.2015ж. 20:00
961
 Батыс Қазақстан облысында екі жарым мыңдай адам құлақ-мұрын ауруларына шалдыққан

Батыс Қазақстан облысында екі жарым мыңдай адам есту-тыныс алу жолдары ауруына шалдыққан. Ал еліміз бойынша,халықтың шамамен он пайызы осындай кеселге тап болған. Бұл - тіркеліп, есепке алынғаны ғана. Ал дәрігерге баруға жүрексініп, ауруын асқындырып алғандардың қатары бұдан да көп болуы мүмкін. Шетелде ғана жасалатын ем-дом соңғы кезде  біздің елімізде де қолға алына бастады. Бұл іске неміс дәрігерлері қол ұшын созып, жергілікті мамандарды құлақ пен ауыз қуысына ота жасаудың қыр-сырын үйретуде.

Алтынай Маратқызы:

Кішкене кезінен құлағы ауыратын Алтынай соңғы кездері бір жақ құлағы мүлдем естімей қалғанын айтады. Ауруы жанына батқан соң дәрігер көмегіне жүгінген. Сәті түсіп, Алтынайға мұндай күрделі отаны Оралға келген неміс профессоры Хеннинг Хойман жасады.

Операциядан кейін қазір жағдайым жақсы, жайлап-жайлап бір дауыстар естіліп жатыр. Хойманның мұнда келгені жақсы деп ойлаймын. Себебі, біз Германияға өзіміз бара алмаймыз. Үлкен шығын керек оған бару үшін. Өзіміз осы жақтан істей алғанымыз үшін оған үлкен алғысымды айтамын.

Құлақтың қабынуын уақытылы емдетпесе, адамның саңырау болып қалуы мүмкін. Дәрігерлер осындай сырқатқа душар болған жандардың құлағының ішіне жасанды протез орнатады. Бұл емнің бағасы 180 мың теңге тұрады. Сондықтан, оралдық дәрігерлер Германияға барып, ота жасауды үйренуде.

Ерлан Тоқсанов, БҚО Клиникалық ауруханасының директоры:

Алдағы уақытта әлде де оны шыңдай түсеміз, әлде де үйренеміз. Біздің дәрігерлеріміз Германияға бұдан бұрын барып келген, тағы да керек болса барады. Олдан әрі қарай ота жасап, тәжірибе шыңдауға көңіл бөлеміз деп есептейміз.

Батыс Қазақстан облысында мұндай дертке шалдыққандардың қатары 2500-ге жуықтайды. Өкінішке орай, денсаулығына мән бермей,  жүрген жандардың бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Дәрігерлер құлақ ауруы күз-қыс айларында асқынатынын айтады. Өйткені сырқат көбіне суықтан  болады.

Хеннинг Хойман, Медицина ғылымдарының докторы, профессор /Германия:

Бұл ауру негізінен бала кезінде денсаулыққа жете мән бермегендіктен болады. Сондықтан, ата-аналар балаларын дәрігерге неғұрлым ертерек көрсетіп, тексертсе, ауруды анықтап, емдеп-жазу біз үшін де оңайға соғады. Өйткені, құлақ миға жақын орналасқандықтан, бұған немқұрайлы қарауға болмайды.

Оралға осымен алтыншы рет келген неміс профессоры әр сапарында  50 шақты адамға ота жасап, жергілікті мамандарға өз өнерін үйретеді. Бірақ бұл - оның соңғы сапары, айтуынша, оралдық дәрігерлер құлаққа өздігінен ота жасауға машықтанып үлгерген.

Еркін КАРИН