Бүгін Сыртқы істер
министрлігінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Бітімгер» атты жаңа
кітаптың тұсаукесері өтті. Онда Қазақстан Президентінің Украина дағдарысын
реттеуге сіңірген еңбегі қамтылған. Кітапта Мемлекет басшысының Майданда болған
кезінен бастап, биылғы ақпандағы Минскіде өткен «норманд төрттігінің»
кездесуіне дейінгі маңызды оқиғалар баяндалады. Кітап авторы - белгілі
қазақстандық дипломат, Қазақстан Президентінің көмекшісі Нұрлан Онжанов. Ол
Нұрсұлтан Назарбаевтың Украинадағы дағдарысты реттеу барысында Франция,
Германия, Ресей, АҚШ, Италия, Швейцария, Беларусь және Украина басшыларымен
кездесулеріне бастан-аяқ қатысып, келіссөздер барысын жіті қадағалаған. Кітап 5
бөлімнен тұрады, оның әрқайсысында түрлі уақыт аралығындағы оқиғалар
баяндалады. Туынды қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Автордың айтуынша,
кітаптағы фактілер мен нақты детальдар, Украина дағдарысына жасалған сыртқы
көзқарас күрделі жағдайдан шығар жол іздеу процесіне аз да болса септігін
тигізіп, мәселені жаңа қырынан қарастыруға негіз болуы мүмкін.
Нұрлан Онжанов, ҚР Президентінің
көмекшісі:
Барлық тараптардың жасап жатқан
жұмыстары мен келіссөздеріне қарамастан, өкінішке қарай, қазірдің өзінде
Украинаның оңтүстік-шығысында қақтығыстар орын алып жатыр. Жағдайдың ушығып
кету қаупі әлі де сақталуда. Мемлекет басшысының қасында жүріп ол кісінің осы
мәселені шешу жолдарын талмай іздеп, қыруар қажыр-қайрат жұмсағанын өз көзіммен
көрдім. Бұл кітапта соның барлығы егжей-тегжейлі баяндалады.
Берік ХАСЕНОВ