×

Грекия халқының басым бөлігі халықаралық кредиторлар қойған талаптарды қабылдауды қолдап отыр

AstanaTV
03.07.2015ж. 10:00
1009
Грекия халқының басым бөлігі халықаралық кредиторлар қойған талаптарды қабылдауды қолдап отыр

Грекия тұрғындарының басым бөлігі халықаралық кредиторлар қойған талаптарды қабылдауды қолдап отыр. Бұл жайында «Блумберг», «GPO» ұйымы жүргізген әлеуметтік сауалнаманың қорытындысына сілтеме жасап жазады деп хабарлайды «Рейтерс». Қазір өз пікірін білдірген азаматтардың 47 пайызы таяуда өтетін референдумда несие берушілердің шарттарын қолдауға дауыс берсе, 43 пайызы қарсы. Ал қалғандары әлі шешім қабылдап үлгермеген. Бір қызығы - бұқараның басым бөлігі өткен аптада кредиторлардың талаптарын орындауға келіспеген болатын. Еске салайық, халықаралық несие ұйымдары Грекияға тағы бір қаржылай көмек беру үшін, мемлекеттік шығындарды қысқартуды талап етіп отыр. Нақтырақ айтсақ, зейнетақы жасын көбейтуді және әлеуметтік төлемдердің көлемін азайтуды сұрауда. Ал Грекия билігі тығырықтан шығар басқа жол ұсынады. Үкімет мемлекет қазынасын ауқатты азаматтарға салынатын салық мөлшерін еселеу арқылы толтырмақ. Егер де Грекия кредиторлардың шарттарын орындауға көнбесе, онда олар дефолт жариялап, Еуроаймақтан шығуға мәжбүр болады. Енді ел тағдыры алдағы жексенбіде өтетін референдумда шешілмек.

Абзал ҚҰРМАНКИН