Астананың өз «тартылыс күші» бар. Ол таланттарды, жаңа жобаларды,
қаржылық, зияткерлік және әлеуметтік капиталды өзіне тартады. Мемлекет басшысы
Астана күніне арналған салтанатты қабылдауында осылай деді. Президент: «Астанада өмір сүруге, өз болашағын
осында бедерлеуге ұмтылғандар барған сайын көбеюде. Астана халқының саны
күткеннен де асып түсіп, миллионға жуықтап қалды. Бұл ретте қаланың елге берері
де көбейе түсуде. Бүгінде Астана - республикалық бюджеттің донорына айналған
өңірдің бірі», -
деді.
Салтанатты
жиынға Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, мемлекеттік органдар мен
дипломатиялық корпус, зиялы қауым және іскерлік орта, мәдениет пен білім беру
саласы өкілдері қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаев,
Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгін 17 жасқа ғана толған Елорда - ел тағдырымен еншілес менің өмірімнің ең
мәнді бір бөлшегі. Астана күнімен қабат келген мерейтойыма ең қымбат сый - қазақытың, халқымның ыстық ықыласы. Астана ғұмырнамасы "Ел тағдыры", "Тәуелсіздік
тарихы" деген ұлағатты ұғымдармен сабақтас. Елорданың бүгінгі келбеті - еліміздің
дамуының айнасы. Арқа
төсінде бой көтерген Астананың құрылысына бүкіл қазақстандықтар ат салысты.
Қазақ елінің бас шаһары қазір бірлік пен берекенің белгісі ретінде танылып
отыр. Елдік пен еркіндіктің ерекше сипатына айналған Астана - біздің
болашағымыздың бейнесі. Сән салтанаты келіскен сәулетті қаламыздың келешегі
бұдан да кемел болатынына баршамыз сенеміз.
Мөлдір ДЮСЕКИНА