$533.61 €621.07 ₽6.78
×

Франсуа Олланд: Грекия үшін есік әлі ашық

AstanaTV
07.07.2015ж. 20:00
1340
Франсуа Олланд: Грекия үшін есік әлі ашық

Еуропалық одақ Грекия премьер-министрі Алексис Ципрастан жаңа ұсыныстар күтіп отыр. Осыған орай Брюссельде еуроаймақ елдерінің шұғыл саммиті өтуде. Бұл кездесудің мерзімі Грекия халқы халықаралық несиелердің шарттарына қарсылық білдіріп, референдум өткізгеннен кейін бекітілді. Ал Германия канцлері Ангела Меркель мен Франция президенті Франсуа Олланд референдумның нәтижесіне қарамастан, Грекия үшін Еуропалық одақтың есігі әлі де ашық екенін мәлімдеді. Бірақ елге реформа қажеттігін де айтып өтті.

Франсуа Олланд, Франция президенті:

Біз Грекияда өткен референдум қорытындысын дәріптейміз. Дауыс берудің нәтижесін де жіті қадағалап отырдық. Келіссөздер үшін есік ашық. Қазір Алексис Ципрастың үкіметіне салмақты, назарға ілуге тұрарлық ұсыныспен шығу керек. Оны ұзақ мерзімді, келешегі бар бағдарламаға айналдыруға мүмкіндік болатындай етіп жасау керек. Өйткені Грекияға еуроаймақта қалу үшін келешегі бар ұзақ мерзімді бағдарлама өте қажет. 

Алайда баспасөз  Еуроодақ елдері лидерлерінің Афинаға ешқандай ұсыныс дайындап жатпағанын жазды. Сонымен қатар, Грекияның жаңа идеялары Германия канцлерімен келісілген болып шыққаны туралы да ақпарат таратты. Шетелдік ақпарат құралдарының мәліметіне сүйенсек, грек үкіметі алдағы екі жылда тағы да несиелік қолдау алуға ниетті. Және қарызының құрылымын қайта қарауды сұрауда. Афина қарыздың 30 пайызын кешіруді өтініп отырғаны хабарланады. Еске салайық, Грекияның халықаралық кредиторлар алдындағы қарызы 320 млрд еуроны құрайды. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ