Қызылжарда жер дауы. Жаңадан тартылып жатқан жылу құбыры бизнеске бөгет болып тұр. Жылу магистралі оннан астам жекеменшік жерді басып өтеді. Салдарынан кәсіпкерлер өз аумақтарына кіре алмай қалуы мүмкін. Ал жергілікті билік, жобаны ұтып алған астаналық компанияға сілтейді. Абзал Құрманкин тарқаталды.
Тілші:
Автокөлік дөңгелегін жөндеу орталығы мен жүк тасымалдау компаниясы Сабыр Бекхожинның кәсібі. Бұл бизнеспен 12 жылдан бері айналысады. Кәсіпкер мына жерге асфальт төсеп, 10 миллион теңге жұмсағанын айтады. Енді ғимарат алдынан тартылып жатқан жылу құбыры жолды бөгеп, бизнеске көп-көрім кедергі болғалы тұр.
Сабыр Бекхожин, кәсіпкер:
Бізде кіретін бірнеше есік бар. Жоспар бойынша бізде бір-ақ компенсатор болуы тиісті дейді проектпен, дейді. Бос жатқан жермен неге өткізбейді. Бізге де бір жағынан жақсы болар еді, өздеріне де жеңіл болады. Ешқандай бөгет жоқ.
Тілші: "Береке" шағын ауданына тартылып жатқан жаңа құбыр Әуезов көшесінің бойында тұрған 11 жер учаскесін басып өтеді. Жобада жекменшік жерді айналып өтетін жерасты, не жерүсті жолдары қарастырылмаған. Кәсіпкерлер жаңа магистраль жөнінде жуырда, құрылыс жұмыстары басталған соң бірақ білді. Бизнес өкілдері шенеуніктердің әй-шәйсіз қарекет еткеніне аң-таң.
Омари Харбедия:
Құбырды алдынан тартса, артынан кіретін жол жоқ. Демек, өз меншігімізге өте алмаймыз. Қала билігіне магистральді әр жақтан тартуды ұсындық. Бірақ, олар қымбат деп отыр. Егер әкімдік бізбен ақылдасса, бір мәмілеге келер едік. Әзірге біздің пікірімізге ешкім құлақ асып отырған жоқ.
Тілші: Жылу магистралі үш шақырымға созылады. Оған қазынадан 3.7 миллиард теңге бөлінген. Қаражат келесі жылы желтоқсанға дейін игерілуі тиіс. Алайда, құрылыс жұмыстары қазір уақытша тоқтатылды. Қала билігі кәсіпкерлердің талабын ескеріп, жобаны қайта қарап жатқандарын мәлімдеді.
Нұрболат Мұжикенов, Петропавл қаласының әкімдігі Құрылыс бөлімінің заңгері: Бірер апта бұрын жобаны құрастырған компания өкілімен бірге жер учаскелерін қарап шықтық. Жобамен астаналық компания айналысып жатыр. Оның өкілі осы аптаның аяғында келіп, өз ұсыныстарын айтады. Кәсіпкерлердің талаптары ескеріледі. Бірақ, қосымша амалдарды бөлінген қаражаттың ішіне кіргізуге тырысамыз.
Тілші:
Тығырықтан шығу үшін құбыр жоғарыдан өткізілуі мүмкін. Оған компенсаторлар арзан емес, әрбіреуі 15 миллион теңгенің шамасында дейді. Немесе магистральді жердің астымен тартуға болады. Бірақ, ол да қып-қызыл шығын көрінеді.
Абзал Құрманкин, тілші:
Алайда бастапқы жобада мұның бірі де қаралмаған. Яғни, 3.7 миллиард теңгеге бұл жұмыстар кірмейді. Бірақ, бизнесмендер талаптары ескерілмесе, сотқа жүгінуге бекініп отыр.
Құрманкин А.