$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Апат салдарынан Индонезияға 20 миллион долларға жуық шығын келуі мүмкін

AstanaTV
01.10.2018ж. 20:00
3346
Апат салдарынан Индонезияға 20 миллион долларға жуық шығын келуі мүмкін

Индонезиядағы алапат жер сілкінісінен зардап шеккендердің саны 1200 адамнан асты. Ел үкіметі құрбандар саны әлі бірнеше мыңға артуы мүмкін дейді. Ондағы зілзала қуаты 6-7 баллға дейін жеткен. Құтқарушылар үш күннен бері тірі қалғандарды іздестіріп жатыр. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, жапа шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ. Ал, Мемлекет басшысы бүгін Индонезия Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады. 

Гүлденген, туристер арасындағы танымал тропикалық аймақ қазір осындай халге түсті. Эвакуациялау тәулік бойы жүріп жатыр. Табиғаттың тосын мінезінен мыңдаған адам жарақат алды. Қазірдің өзінде апат аймағынан 17 мың адам шығарылған.  

Джоко ВИДОДО, ИНДОНЕЗИЯ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Бізде қазір өте қиын жағдай орын алуда.Қосымша жанармайға тапсырыс берілді. Жақында тағы техника жібереміз. Оқиға орнына азық,және ауыз суы жеткізіліп жатыр. Құтқару амалдары жүріп жатыр. Бізге қазір барынша бекем, бірге болуымыз керек.

Индонезия Президенті зардап шеккендерге азық-түлік пен дәрі-дәрмек алу үшін 50 миллионнан аса АҚШ долларын бөлді. Елде мыңдаған ғимарат пен инфрақұрылым нысандары қирап қалған. Бұл Индонезияға 20 миллион долларға жуық шығын келтіруі мүмкін,- дейді Қазақстандағы консул. Рахмат Прамононың айтуынша, апат болған аймаққа гуманитарлық көмекті Еуропа елдерімен қатар, көршілес мемлекеттер де көрсетіп отыр. 

Рахмат ПРАМОНО, ИНДОНЕЗИЯНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:  

Қалпына келтіру жұмыстары үшін бірнеше апта кетеді деп ойлаймын. Қазір апат болған аймақта не су, не жарық жоқ. Байланысу да мүмкін емес. Қираған жолдар салдарынан құтқарушылар онда жете алмай да жатыр.

Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендер мен қаза тапқандар арасында қазақстандықтар жоқ. Ал, туристік қор өкілдері, Индонезияға аттанғандар мен жуырда ол елге баруды жоспарлап отырғандар да жоқ екенін айтты.  

Инна РЕЙ, «ТУРИСТІК ҚАМҚОР» ҚОРЫНЫҢ ӨКІЛІ:  

Қазіргі уақытта онда ешқандай турист жоқ. Алдағы аптада да ешкім баруды жоспарлап отырған жоқ. Қазір біз бұл бағыттағы турларды мұқият бақылап отырмыз. Әрине, өте ауыр жағдай болды. Тропикалық Индонзезияның ғажайып көріністері болғанымен, табиғи тосын апатын да ескере жүрген жөн. 

Сулавеси аралындағы зілзаладан кейін түрмеден жүзден аса қылмыскер қашып кеткен. Тіпті қазір тонау оқиғалары да тіркеліп үлгерген. Бұл соңғы екі айда Индонезияда болған екінші жер сілкінісі. Шілденің соңында Ломбок аралында табиғи апаттан 500 адам қайтыс болып, 1500-зардап шеккен еді.  


А.Бектас