Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Алматы маңында құйыннан құлаған ұшақ - италиялық зауыттан тікелей алынған алты әуе кемесінің бірі

AstanaTV
11.08.2017ж. 20:00
2365
Алматы маңында құйыннан құлаған ұшақ - италиялық зауыттан тікелей алынған алты әуе кемесінің бірі

Табиғаттың тосын мінезі тәжірибелі мамандардың өзін тығырыққа тірейді. Алматы маңында құлаған ұшақ сол табиғат апатынан, яғни құйын салдарынан болып отыр. Академияның авиациялық мәселелер жөніндегі проректорының міндетін атқарушы Шәміл Беришев осылай деді. Украиндық нұсқаушы таңғы сағат алтыдан оқу-жаттығуға кіріскен. Айдар екеуі кестеге сай ұшу бағытын толық орындағаннан кейін, әуежайға кері бұрылады. Ал, қонар сәтінде құйын тұрып, қону жолағын шаңға орайды. Тәжірибелі ұшқыш, дереу екінші айналымға бұрғылған сәтінде, құйынға ілініп, жерге құлаған. Әуе кемесі Италиядан сатып алынған алты ұшақтың бірі болып шықты. Ол өткен жылы шығарылған.

Шәміл Беришев, Азаматтық авиация академиясы авиациялық мәселелер жөніндегі проректордың міндетін атқарушы:

Бүгін нұсқаушылармен жиналыс өткіздік. Мен олардан неге мұндай жағдай болды, Сергей Петрович табиғат мінезіне қарсы тұра алар ма еді, қандай да бір шығар жол бар ма деп сұрағанымда, барлығы бірауыздан мүмкін емес екендігін айтты. Өйткені құйын тосыннан пайда болды. Небәрі 10 секундтай соқты да, тып-тыныш бола қалды. Міне, әуе кемесі дәл сол сәтке ұрынып отыр. Мұндайда авиация апатқа тап болатыны - заңдылық.

Бүгін оқу орнында қаралы күн жарияланды. Кіреберісте қос азаматтық суреті, гүл шоқтары қойылған. Айта кетейік, курсант денесі сараптама қорытындысына сай келіп, туыстарына жеткізілді. Айдарды ертең үйінен соңғы сапарға аттандырады. Ал Сергей Курченконың денесі Украинадан әкесі келгеннен кейін ғана сараптамаға жіберіліп, еліне қайтарылмақ. Ал академия тарапынан қос азаматтың отбасына 1 миллион теңге көлемінде материалдық көмек бермек.