Ақтөбеде көп қабатты тұрғын үйден өрт шығып, екі жүзден астам адам сыртқа шығарылды. Әзірге зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Тек, тоғыз қабатты үйдің бір подъезіндегі 4-ші қабаттан 9 қабатқа дейінгі пәтерлері түгелдей жанған. Қала билігі мен төтенше жағдайлар департаменті мамандарынан құрылған комиссия оқиға орнында жұмыс істеп жатыр.
Бұл тұрғын үй қаланың қақ орталығында орналасқан. Тілсіз жау жергілікті уақытпен сағат үштің шамасында басталған. Өрт әуелі 4-і қабаттағы пәтерден басталыпты. Сосын қызыл жалын жоғары қарай өрбіп, тоғызыншы қабатқа дейінгі пәтерлердің барлығын шарпыған.
Оқиға орнына барлық төтенше жағдайлар қызметі келді. Өрт сөндіруге 7 техникамен 37 адам жұмылдырылған. Тұрғындар ешқандай құжаттарын алып үлгермегенін, тек үстеріне сырт киімдерін іліп, өздері әрең шыққандарын айтып отыр. Дәл осы кезде бір пәтерде 20-шақты адам қонақта болған.
Берген САТАЕВА, ТҰРҒЫН:
Садақа беріп отыр едім. Ойда жоқта өрт басталды. Сол халықты қалай алып шығамын деп отыр едім. Жас жігіттер көмектесті. Барлығын алып шықты сыртқа рахмет айтамын.
Ернұр ӨТЕГЕНОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Бірден газды светті сөндірдік. Бүкіл пәтерлерді араладық. Каждый подъезден, пәтерден адамдарды шығардық. Ешқандай газдан уланған. Өрттен зақым алған адам жоқ.
Оқиға орнында қазір арнайы комиссия жұмыс жасап жатыр. Өрт болған үйдің ауласында арнайы штаб құрылған. Зардап шеккен пәтер иелеріне тиісті көмек көрсетілмек.
Б. Рахметова