Атышулы әкім Виктор Храпунов 17 жылға сотталды. Сырттай өткен сотта судья осындай үкім шығарды. Сондай ақ, экс-әкімге тиесілі дүние-мүлікті тегіс тәркілеп, Қазақстанда жылдар бойы жиған бар марапатынан айырмақ. Қашқын әкім бұл жазаны қалай және қашан өтейтітіні де белгілі. «Храпунов ісіне» қатысты жазадан сытылып кеткендер де бар. Әріптесім Олжас Нұржақып толықтырады.
Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ:
Екі айға созылған сот отырысына басты фигуранттар келмеді. Тіпті, олардың қорғаушылары да қара көрсетпеді. Бірақ, судья қашып жүрген экс-әкім мен оның жұбайына, және олардың сыбайласына үкім кесті.
Яғни, мемлекет мүлкін талан таражға салып, миллиондаған шығын келтірген Виктор Храпуновтың қылмысы толық дәлделденді деген судья, оны 17 жыл бас бостандығынан айырды. Әрі бар мүлкін тәркілеу қажеттігін де қосты.
Қасым ҚАЛМАҒАМБЕТОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНДАРАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
Виктор Храпунов кінәлі деп танылып, 17 жылға бас бостандығынан айырылсын. Сонымен қатар мемлекеттік қызметтен 3 жылға шеттетіліп, ұсталған жағдайда максималды қауіпсіз мекемеде жазасын өтесін. Оған тиесілі мүлкі толық тәркіленсін. Оның ішінде жері, пәтері, көлік тұрақтары мен кәсібі, банктік шоттары және заңсыз келген 12 миллиард теңгеде мемлекетке толығымен қайтарылсын.
Ал, оның жары Ләйла Храпуноваға 14 жыл берілді. Туысы Аяр Ілиясовқа сот 5 жылға бас кесті. Мұнан бөлек сот залында 9 айыпталушыға да үкім шықты. Қылмыстық жауапкершілікке тартылған уақыттан бері талай жыл өтіп кеткендіктен судья оларды түгелдей жазадан босатты.
Юрий СТУКАНОВ, А. САДЫҚБАЕВАНЫҢ ҚОРҒАУШЫСЫ:
Мен Айнагүл Садықбаеваның құқын қорғадым. Әрине, оған шыққан сот шешімімен толықтай келісемін. Себебі, қорғауымдағы жанның жауапкершілікке тартылғанына 14 жыл уақыт өтті. Ал, оның кінәсі бойынша тек 10 жыл ғана көзделген. Сондықтан, жаза мерзімінің өтіп кеткеніне байланысты толықтай тергеуден босатылып отыр.
Айта кетейік, «Храпунов ісі» бойынша сот Алматыда осыдан 2 ай бұрын басталған еді. 400 томдық іс бойынша 200-ден аса куәгер тыңдалған. Сот отырыстарында мемлекеттік айыптаушы ерлі-зайыптыларды 20 және 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын.
Олжас НҰРЖАҚЫП, ТІЛШІ:
Бірақ, судьяның үкімі одан сәл жұмсақтау болды. Әрине, үкім сырттай шыққандықтан, тек басты қылмыскерлер қолға түскен кезде ғана заңды күшіне енбек. Еске салайық, Храпуновтар қазір Щвейцарияда тұрады.