Негізгі / Жаңалықтар / Қарағандылық диірменшілер ұн тасымалдайтын вагон тапшылығынан қауіптенеді

Қарағандылық диірменшілер ұн тасымалдайтын вагон тапшылығынан қауіптенеді

Қарағандылық диірменшілер ұн тасымалдайтын вагон биыл да жетпейді деп қауіптенеді. Былтыр соның кесірінен бидай экспорты 56 пайызға төмендеген. Осы аптада экспортқа 114 вагон ұн тиеп жіберген. Алайда, Орта Азияға астық тасымалдау үшін әлі мыңдаған вагон керек. Алдағы аптада сұраныс күрт артады,-дейді диірменшілер. Сөйтіп астық өндірісі мен тасымалы жаңа жылға дейін қыза түспек. Сондықтан, ұн өндірушілер «Қазақстан Темір Жолы»-нан астық тиеуге арналған вагондарды көбірек беруді сұрап отыр. 

Дос-Мұқасан ТӘУКЕБАЕВ, «МУТЛУ» КОМПАНИЯЛАР ТОБЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Ұн тиейтін вагондардың бәрін Солтүстік облыстарға: Ақмола, Қостанай облысына алып кеткендіктен бізге қалдырмай, бізде вагон тапшылығы болды. Сол себепті, біз өткен жылы 65 пайызға өзіміздің жоспарлаған мөлшерімізден экспортқа аз тиедік. Өткен жылғыдай вагон жетіспеушілігі, тапшылығын болдырмау үшін, алдын алу үшін біз жиналып, ақылдасып бір шешімге келіп отырған жағдайымыз бар. 

Ербол СӘРСЕМБАЕВ, «KTZ EXPRESS» AҚ ӨКІЛІ: 

3500 жабық вагон арнайы полигонда тұратын болады. Олар тек ұн мен астық тиеуге ғана арналған. Оларды жуып тазалаудың қажеті жоқ. Өйткені, басқа жүк тиелмейді. Вагондар орта Азия мен Ауғанстанға жарайды. Рұқсат қағазы бар. 

Жергілікті ұн өндірушілер былтыр әсіресе Ауғанстанға астық жөнелте алмай қиналғандарын айтады. Қыркүйек, қазан, қараша айларында вагондарды күте-күте ақыры сатып алушылармен келісім-шартты бұзған. Осылайша, 20-дан астам ұн өндіруші компания табыстарынан айырылыпты. Олар негізінен Ауғанстаннан басқа Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Қытай, Моңғолия, Ресей елдеріне, сондай- ақ, Қазақстанның оңтүстік облыстарына өнім жеткізеді. Биыл өңірде жауын-шашын көп болғандықтан астық кеш жиналып, өндіріс енді ғана басталыпты.  

А. Қуаш