Негізгі / Жаңалықтар / Айлығы аз тәрбиешіге жоғары талап қоя аламыз ба? Жанкешті тәрбиешілер

Айлығы аз тәрбиешіге жоғары талап қоя аламыз ба? Жанкешті тәрбиешілер

Президент Жолдауында мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту туралы айтылғаны мәлім. Ойлау негіздері, шағырмашылық қабілет, жаңа дағдылар бала кезден қалыптасады. Жаңа заманда креативтілік, сыни ойлау, коммуникативтілік бала кезден егіледі, деді. Осылай деп, біліктілік талаптары мен оқу әдісін және тәрбиешілер мен балабақшадағы басқа да қызметкерлердің жалақысын қайта қарауды тапсырды. Соңғы пункт – тәрбиешілер мен бала күтушілердің айлығы туралы материалдар жасағанбыз – жалақыларының өте төмендігін айтып, ондай айлыққа кім барады және не талап етуге болады? -деп. Жалақы медбикелер, санитарлар да өте төмен. Ол да күн тәртібіндегі мәселе болуы керек... Бүгінгі тақырыпты жалғастырсақ, балаға ілім-білім негіздерін егетін мектеп деген ұстаным бары рас. Ал балабақша бізде бала қалдырып кететін жер сияқты. Тамақ беріп, ұйықтатып, әйтеуір, біреулер қарап отыратын мекен тәрізді. Тиісінше, рөлі төмен. Тиісінше, тәрбиешілерге деген қатынас та сондай. Әсемгүл Мұхитқызы жалғастырады. 

Асықтың қыр-сыры арқылы «Қарлығаш пен дәуіт» ертегісіндегі кейіпкерлердің жағымды, жағымсыз, ортақ қасиеттерін...

Эльмира Рымбекқызы тәжірибелі маман. Балабақшада тәрбиеші болып істегеніне 9 жылдан асты. Осы уақыт аралығында оқыту жүйесі, әдістемелік бағдарламалар бірнеше мәрте өзгерді, -дейді. Бірақ басты талап өзгеріссіз.

Эльмира РИЗАДИНА, І САНАТТАҒЫ ТӘРБИЕШІ:

Тәрбиесіз алған білім адамзаттың қас жауы дегендей, ең алдымен осы көбінесе білімнен гөрі, тәрбиеге көп көңіл бөлемін.

21 ғасыр. Ақпарат дәуірі. Жаһандану үрдісінің қайнап тұрған шағы. Шынын айтсақ, ересек адам түгілі, қазір баланың өзін таңқалдыру, назарын аударып, көңілін аулау қиын іске айналды. Әлбетте, бар ауыртпалық мектепке дейінгі мекеме ұжымына түсетіні анық. Осы ретте Павлодардағы №6 балабақша дәстүрлі оқу бағдарламасына жаңа бағыт енгізді.

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем.

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

Этнопедагогика - қазақтың көне тұрмыстық дәстүрлері мен ою-өрнегі негізінде оқытылатын бірегей жүйе. Қазіргі балалар үшін бұл бір жағынан таңсық дүние. Сонысымен қызықты. Екіншіден, осылайша балабақша өсіп келе жатқан балғындардың бойына қазақылықты сіңіреді.

Эльмира РИЗАДИНА, І САНАТТАҒЫ ТӘРБИЕШІ:

Өзіміздің бақшамызда туындаған ұлттық дидактикалық құралдар. Соның бірі мысалы ежелден келе жатқан өзіміздің бұл оқтау. Оқтау құралымен мысалы балаларға мақал-мәтел жаттатқызғанда өте ыңғайлы. Оқтауды есу арқылы бала мақал –мәтелді айтады. Суретке қарап, тірек арқылы.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деген халық даналығы бар. Дәл осы ұғым – қазіргі мектепке дейінгі мекемелердің бітім-болмысын, ұстанымын айқындап бергендей.

Ләззат ҚОЖАБАЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ №6 БАЛАБАҚШАНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Балабақша деген ол – ата-аналарға екінші үй болу керек. Балабақша деген – педагогикалық ұжымға білмей келген баланы дамытып, мектепке дайындап шығару. Балабақша деген ол қоғамғда білім саласының бірінші сатысы. Сондықтан да, әрбір салаға, өмірдің әрбір қыры мен сырына балабақшаның маңызы өте зор.

Біздің уақыт жүгірістен құралған. Таң атса, күн батады. Осы зымыраған сәтте кейде ұл-қыздарымызға көңіл бөлмей қалатынымыз тағы бар. Дәл осы шақта – балабақшаның мәні зор.Бұл мекемеде істейтіндердің дені өз ісін шынайы сүйетіндер. Сондай жанның бірі – Сәния. Бақшаға музыкалық жетекші болып орналасқан жас маман таңдауына еш өкінбейді.

Сәния ҚАБДУЛ, МУЗЫКА ЖЕТЕКШІСІ:

Мен балаларды өте қатты жақсы көрем. Сол шығар тартқаны. Балалармен жұмыс жасаған қатты ұнайды. Әрине төзімділік керек. Шулайтын кездері болады. Тыңдамайтын, тентектік көрсететін кездері болады. Бірақ бала деген ол бақыт! Барлық балалар ән айтып болған соң, апай біз сізді жақсы көреміз дегенде қуанып кетемін қатты.

Шымкент қаласындағы «Алтын бесік» бөбектер бақшасының тәрбиешісі Гүлмира Ахметова Президенттің мектепке дейінгі мекеме қызметіне түбегейлі өзгеріс қажет дегенін құптайды. Айтуынша, бұл - жалпы оқыту жүйесіне серпін бермек. 20 жылдық тәжрибесі бар маман да бүгінгі заман баласын қызықтыру өте қиын екенін айтады. Сондықтан әр түрлі тәсілдерді қолдану керек деп есептейді.

Гүлмира АХМЕТОВА, №47 «АЛТЫН БЕСІК» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ТӘРБИЕШІСІ:

Табиғи жапырақтармен, каштан дейміз ғой. Солардың барлығымен жұмыс жасаймыз. Өйткені олар балалардың қолдарындағы қан қозғалысын арттырады. Олар балаларға өте пайдалы нәрсе.

Нұркамал ҚҰРАМЫСОВА, №47 «АЛТЫН БЕСІК» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ТӘРБИЕШІСІ:

Қазіргі балалардың қабілеті жоғарылау. Өйткені балалардың қазір компьютер арқылы барлық жаңалықтарды алып отырады. Сол арқылы қазіргі балалардың тілі ерте шығады. Және де ойлау қабілеті жоғары деп ойлаймын.

Қазақ "баланы алты жасқа дейін хандай көр, алты жастан құлыңдай жұмса, 16 жастан кейін сырласыңдай көр" деп, жасына қарай тәрбиелеген. Осыдан-ақ, баланың өмірлік ұстанымы алты жасқа дейін қалыптасатынын түсіну қиын емес. Сонда не істеу керек? Тәжрибелі ұстаз Сайрагүл Жәзкейдің пікірінше, балаға тәрбие мен білімді күштеп құюға болмайды. Қазіргінің басты талабы – баланың тұлға болып жетілуі. Ойын еркін айтып, көзқарасын нақты жеткізе білуі. Бұл ретте, балаға кез келген істе өзі шешім қабылдау әдетін сіңіру маңызды,-дейді.

Сайрагүл Жәзкей, педагог:

Балабақшада дайын заттарды сатып алмай, мысалы доп болсын, машина болсын, керекті заттар болсын, өздері жасаса. Сабақ өтсе сазбалшықтан балалар өздері сол сабақта өтетін А әрпі болса, бала өзі А әрпін өз қолымен жасаса. Бұл ресурс.

Баланы командамен жұмыс жасауға тәрбиелеу. Айналып келгенде, бұл баланы көпшіл болуға бейімдеу дегенмен ұштасады. Бала тек өзінің қара басын ойлап қана қоймай, өзгелердің де қызығушылығымен санасады. Ондай бала ұжымшыл, көпшіл, отаншыл, елінің қамын ойлайтын тұлға болары анық.

Гүлнар ӘЛЖАНОВА, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ БҚОФ «ТІЛ ЖАНАШЫРЫ» БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Ұлт саулығы бір сөзбен айтқанда айналып келгенде біздің бала тәрбиесінен бастайтын тірлігімізге байланысты. Бала тәрбиесіне жұмсалған қаржы, соған кеткен уақыт – біздің болашағымызға жұмсалған инвестиция деп есептеймін мен өзім. Сондықтан бұл біздің балаларымыз кішкентай кезінен бастап, тілі қалай шығады, санасы солай қалыптасады. Бүкіл сана, шығармашылық ойлау дағдысының қалыптасатын уақыты дәл осы балабақшадағы кезеңі.

Бірақ біздің елде балабақша тәрбиешісі «бағаланбайтын» мамандықтың бірі. Бірі емес-ау, бірегейі десе болады. Мектепке дейінгі мекемедегі ең жоғарғы еңбекақы 70 мыңға жетер-жетпес. Ал, ең төменгісі сол – 28 мыңның ар жақ-бер жағы. Табыс салығы, міндетті зейнетақы жарнасы, медициналық сақтандыру төлемі сынды аударымдарды алғанда, қолға тиері одан да аз.

Ләззат ҚОЖАБАЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ №6 БАЛАБАҚШАНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

28 мың теңге ол қай жерде қарастырылған? Ол біздің балабақшаларда, ол алаң тазалаушылардың еңбегі. Еден жуушылардың еңбегі. Бұдан бір сәл ғана асқан ол тәрбиешінің көмекшілерінің еңбегі. Жаңадан келген тәрбиешілердің де, жоғары біліммен, арнайы орта емес, жоғары біліммен келген еңбек өтілі жоқ, категориясы жоқ. Әрине 50 мың шамасында ғана.

Сандарды сөйлетсек Еуропа мен Америкада балабақша тәрбиешісі беделді кәсіптердің санатында. Босаған бір орынға кәдімгідей ұзын-сонар кезек қалыптасып, тартысты конкурс болады екен. Сәйкесінше, еңбекақысы да атқарған жұмысына сай.

Мәселен, эстониялық тәрбиешіге балаларды бағып-қаққаны үшін айына 500 еуро көлемінде жалақы тағайындалады. Ал, Германияда бұл көрсеткіш шамамен 1 жарым еуро болса, Норвегиядағы ахуал тіптен жақсы - 3 мың 500 еуро. Швеция, Финляндия және Данияда мектепке дейінгі мекеме қызметкерінің айлығы бір деңгейге тұрақтаған – 2 мың еуро. Канада мен АҚШ-та аталған саланың мамандары сағат тәртібімен алады. Бір сағаттық ақы 10 доллардан 35 доллардың аралығында.

Гүлмира АХМЕТОВА, №47 «АЛТЫН БЕСІК» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ТӘРБИЕШІСІ:

Жұмысымыз көп. Ас-ауқаты, азық-түлік бәрі қымбаттап жатыр. Комуслуга деп жатырмыз. Төлемақы қымбаттап жатыр. Қазіргі жағдайда еңбекақымыз өте аз деп бағалаймын мен.

Ләззат ҚОЖАБАЕВА, ПАВЛОДАР ҚАЛАЛЫҚ №6 БАЛАБАҚШАНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Иә, шаршайтын кезеңдер болады. Иә, әртүрлі ойлар туындайды. Бірақ та, ең бастысы сонау бір жылдары педагог мамандығын таңдаған соң, сол жолдан шықпай тұрмын. Неге десеңіздер менің қазіргі міндетім бала тәрбиесі ғана емес, ол жас мамандар, тіпті тәжрибелі мамандарды жетелеу болып тұр.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Жұмыстың ауыры не десек, бірден бала тәрбиесі ойға оралады. Бұл жерде білектің күшін, білімнің пәрменін саралап отырған жоқпыз. Бүгінгі бала – елдің ертеңгі тірегі екенін ескерсек, айтпағымыздың төркіні айдан анық.

Әсемгүл Мұхитқызы, Нұрлан Әлмұхамбет "Біздің Уақыт"