Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

171 мың адам онкологиялық ауруларға шалдыққан. Ұлттық ғылыми онко-орталық салынады

AstanaTV
13.10.2018ж. 20:00
6348
171 мың адам онкологиялық ауруларға шалдыққан. Ұлттық ғылыми онко-орталық салынады

Өткен жұмада Президент Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық салуды тапсырды. Тапсырманың берілгеніне 2 жыл болғанын айтты. «Орталықты салып, онда әлемдегі ең үздік қондырғыларды қою керек... Протонды терапия бойынша қондырғы қымбат, бірақ ол айрықшы қондырғы, сондай-ақ кибер-пышақ бар. Сонымен бірге адамның қорғаныш қабілетін арттыру бөлімі болуы керек», - деді ол. Расында, елімізде онкологиялық аурулар көбейіп барады... Ем тегін, барлық шаралар халықаралық хаттамалар бойынша іске асады. Бірақ көмек керек, шетелге бармаса болмайды деп жанұшырған адамдардың үндеулері көп. Өткен аптада осыдан 3 жыл бұрын «Атырау аруы» болған 20 жастағы Гауһар Қасаева елден жылу жинағысы келетінін әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ол өзінің ауруына елдегі медицинаның күші жетпейтінін, сондықтан Израильге немесе Оңтүстік Кореяға баруы керектігін айтып отыр. Неге? Бізде не жоқ, не жетпейді? Ришат Асқарбекұлының материалы.  

Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы қатерлі ісіктен емдейтін бірегей мекеме. Орталық әлемдік тәжірибеге сүйеніп, бірыңғай регистр жүйесін жолға қойып жатыр. Ол – «онкология» деп диагноз қойылған әр баланың ауру тарихы, емделуі, клиникалық ерекшелігі, дәрі-дәрмекке сұранысы сияқты денсаулығына қатысты барлық ақпараттарды сақтайтын мәліметтер базасы.  

Риза БОРАНБАЕВА, ПЕДИАТРИЯ ЖӘНЕ БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Екі айға жуық уақыт өтті, біз жаңа регистрді енгізіп жатырмыз. Өткен жылғы науқастарды бұл базаға кіргізіп үлгердік, енді олардың клиникалық жағдайына қатысты мәліметтерді жинастыруға кірістік. Ол ғылыми зертеулер жүргізуге, терапияның тиімділігін көруге, адамдардың өмір ұзақтығын бақылап отыруға, дәрігерді бейнелеп айтқанда, «сілкіп» алуға таптырмайтын жүйе болмақ. 

Мамандар бес жылдық өмір сүру деңгейі деп аталатын критерийге сүйенеді. Қазақстанда бұл көрсеткіш биыл 49,8 пайызға тең. Яғни, обырға шалдыққан науқастардың тең жартысы дертінен айығады. Ал балалар бойынша ол 78 пайызға жеткен. Педиатрия орталығында қазір 150 бала ем алады. Онкология мен гемотологияға бойынша шетелден ем іздеп, сабылатын ата-аналар азайып келеді, дейді мұндағы дәрігерлер.  

Ләззат МАНЖУОВА, ПЕДИАТРИЯ ЖӘНЕ БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ГЕМОТОЛОГИЯ БӨЛІМІ МЕҢГЕРУШІСІ:

Біз әлемдегі үздік протоколдармен емдеп жатырмыз. Осы протоколдар бойынша соңғы 5 жылда үздік нәтижеге қол жетіп отырмыз. Кейбір онкологиялық аурулар түрі бойынша балалардың жазылып кету көрсеткіші 90 пайыздан асып отыр. 

Базаргүл ХАЙДАРОВА, НАУҚАС БАЛАНЫҢ АНАСЫ:

Мені шетелге барайын деген ой басынан мазалаған жоқ. Ондай мүмкіндігім де жоқ еді. Кейін зерттеп қарасам, емдеу тәсілі бәріне ортақ екен. Химия терапия да сол бәріне ортақ. Шетелге барып келгендерден естігенім, берілетін тамағы мен жасалған жағдайында ғана айырмашылық бар. Емнің қонуы баланың ағзасына байланысты.  

Риза БОРАНБАЕВА, ПЕДИАТРИЯ ЖӘНЕ БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Химия терапия, сәулелік терапия және хирургиялық терапия болсын, барлығы Қазақстанда жүргізіліп жатыр. Десе де халықтың белгілі бір бөлігі шетелде емделген дұрыс деп санайды. Тіпті ауырғаннан соң, біздің клиникаларға қаралмастан, шетелге кетіп жататындар да көп. Қаржылық мүмкіндігі болса, әркімнің өз еркі. Бұл отандық дәрігерлерге деген сенімсіздік. Бірақ жергілікті медицина орнында тұрған жоқ. Дамып жатыр.  

Өздеріңіз көргендей, міне есік те ашылмайды. Себебі 2 адамдық палатада 6-7 адамды жатқызуға мәжбүрміз...  

 Ал бұл Алматы іргесіндегі онкологиялық аурухананың бүгінгі жағдайы. Алматы облысының 9 ауданына қызмет көрсететін жалғыз клиника отыз жыл бұрын осы ғимаратқа көшкен. Мұнда жылына 5 мыңнан астам науқас емге жүгінеді. Небәрі 160 орынға арналған мекеме ғимарттан таршылық көріп отыр. Бұл мәселе талай алқалы жиында сөз болғанымен, шешілер емес. Әлемде өткен ғасырдың 70-ші жылдары пайда болған қарапайым компьютерлік томография бұл мекемеге әлі жетпеген.    

Данияр ОРАЛБАЕВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ АЙМАҚТЫҚ ОНКОЛОГИЯЛЫҚ ДИСПАНСЕРІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Кабинеттер жетіспейді. Диагностикалық замануи техникалар. Диагноз қою мақстаныдағы КТ мен МРТ, арнайы сәулемен емдеу орталықтарымен өкінішке орай, халыққа жағдай жасай алмай жатырмыз.  

Осы күні елде 171 мыңнан астам адам онкологиялық аурулар есебінде тұр. Былтыр қатерлі ісіктен 15 мыңға жуық науқас көз жұмды. Өмірден өтіп кеткен азаматтардың 48,3 пайызы – еңбек етуге қабілетті ел тұрғындары еді. Обырға шалдыққандар арасында бірінші орында әйелдер арасындағы сүт безі қатерлі ісігі. Ал ерлер арасында өкпе қатерлі ісігі бой берер емес.  

Қазір Алматыда ғана толыққанды онкологиялық ғылыми-зерттеу институты бар. Облыстардың барлығында жаңа көрсеткендей диспансер есебінде медициналық мекемелер жұмыс істеп тұр. Сала мамандарының айтуынша, осыдан төрт жыл бұрын ірі онкологиялық орталықты Астанада салу бастамасы көтерілген. Бірақ онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығы ретінде біріккен мекеме боп құрылған.     

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РСЕПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

2019 жылы Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысын бастауды тапсырамын. Бұл пісіп жетілген мәселе. Қанша уақыттан бері айтып келемін, жұдырықпен столды бір ұрып, ашуланғанша, орындарыңнан қозғалмайсыңдар. Биыл іргетасын бастап, құрылыс біткенде әлемдегі ең озық қондырғыларды қоятын болыңдар. Томатерпаия, протонотерапия - қондырғы қымбат тұрады екен, бірақ керек. Кибер пышақ, сосын адамның иммунитетін көтеретін қондырғылар. Осы төртеуі жаңа онко-орталықта болсын.  

Жақсылық Досқалиев, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

Қазір сәулелік диагностика, кибер-пышақ, гамма-сәуле дейді, осы іспетті құрал-жабдықтар қатерлі ісікке қарсы ем-домды сапалы түрде жүргізуге мүмкіндік береді. Бүгінде онкологиялық аурулар бойынша дәрі-дәрмектер жеткілікті. Енді техникалық жағын күшейтуіміз керек. Мен онкологиялық орталықтың болғанын қолдаймын. Оған көрші елдердің азаматтары да келіп, емделе алады. Сөйтіп медициналық туризмді де дамытамыз. 

Танымал онколог, 2000-шы жылдары қатерлі ісікпен күресте отандық бағдарламаларға ат салысқан Жеткерген Арзықұлов Оңтүстік Корея мен Беларусия тәжірибесін алға тартады. Ол кісі де бұл елдерде қатерлі ісікпен күресті жандандыру үшін «медициналық туризмді» жолға қойғанын айтып отыр. Аурумен жеке дара арпалысу нәтиже бермейді, дейді білікті маман. Сырттан озық технологиялар тасымалдап, олардың мүмкіндіктерін өз еліміздегі ауруларға пайдаланумен қатар, дамуы кенжелеу елдерден науқастар әкеліп, ақылы операциялар жасаса, саладағы проблемалардың азаятынын айтады.    

  Жеткерген АРЗЫҚҰЛОВ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ОНКОЛОГ:

Жақсы тәжірибе бұл тұрғыдан Беларусия мен Оңтүстік Кореяда. Олар өз елінің ақшасына қарап отырған жоқ, қанша халық осы екі елге барып жатыр. Үкіметтің мүмкіншілігінен тыс,осы жолмен бізге де қазақ онкологиясын дамытып, Орталық Азияға үлгі болар едік.  

Елбасы айтқан жаңа онкологиялық орталықта молекулярлық-диагностикалық зерттеу, кибер-пышақ және қатерлі ісікті ертерек анықтауға мүмкіндік беретін томотерапияны әкеліп орнату қиындық туғызбайды. Оның үстіне протондық терапия 2021 жылға дейін әлемнің кез-келген елінде қалыпты емдеу түріне айналатын болады. Жеткерген Әнесұлы мәселе қымбат қондырғылар әкелумен шешілмейді дейді. Бұл салада қаржылай ынталандыру мен бәсекелестікті де жолға қойған дұрыс.   

Жеткерген АРЗЫҚҰЛОВ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ОНКОЛОГ:

Жақсы ұйымдастырылған бәсеке ол қашанда жақсы нәтиже береді. Астанада бір, Алматыда бір ғылыми зерттеу орталығы болса. Осы екеуі бәсекелес болуы керек. Индикатор дейміз, мысалы, мынау ерте анықтап жатыр ауруды, мынаның ем нәтижесі жақсы екен дегенге назар аударып, тапсырма беріліп, әлгі ұжымдар тырысса, жақсы нәтиже береді, меніңше.   

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ, ТІЛШІ:

Қазақтың «жаман ауру» деп атын атауға қорқатын обыр дерті алқымнан алып тұрғанын айттық. Әдетте қартаң тартқан адамдар арасында кездеседі деп саналған қатерлі ісік жастарға да ауыз салғанын айтады, мамандар. Ал науқас ба¬сы¬нан бақайшағына дейін жан таппай ауыратын кезеңге жеткенде паллиативті көмек пен хоспистерге зәру болады. Бұл да көптен бері айтылып келеді. Бірақ өкініштісі, үкімет бұл мәселені де әлі шеше алмай отыр.  

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт»