Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Зағиптар қоғамындағы дау нені көрсетеді?

AstanaTV
13.10.2018ж. 20:00
3278
Зағиптар қоғамындағы дау нені көрсетеді?

Қызылорда облыстық зағиптар қоғамында дау туып, наразылар біздің меншікті тілшімізге хабарласқан. Төраға қылып арамызда жүрген, қолынан іс келетінін дәлелдеген азаматты қойғымыз келеді, бірақ мүмкіндік бермей отырғандар бар, деп. Бұл дау көп нәрсені көрсетеді. Ең бастысы, мемлекеттік тапсырыстан, демеушілікпен түсетін қомақты қаржы бар жерде тайталастың сойқан болатынын. Шарипа Сақтапова баяндап береді.  

Зағиптар қоғамынан маза қашқалы екі апта. Жүзден астам мүгедек жан "құқығымыз тапталды, мүддеміз қорғалмады" деп налиды. Араларынан шыққан азаматты Қазақ соқырлар бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы етіп сайлағысы келген. Алайда басқарма мүшелері қарапайым зағиптарды есекертпестен төрағаны өздері сайлап жіберді  дейді наразы жұрт.  

Ролан БИМЕНОВ, 1 ТОП МҮГЕДЕГІ: 

Халықты мазақ етті, барынша. Бірінде - халық арасынан шығады деді, екінші-бізді бері қарай қуып жібереді де, халық өзіміздің арадан сайлау сайлап жатқанда, бұл кісілер анау жақта басқаша анау кісінің документын туралап, почтамен Астанаға жіберіп жатыр. Мына жақта халық Батырхан Исахановты сайлап жатыр. Өзіміздің арамыздан. Бұл кісінің еңбегі көп. Ал мынау кісіні біз өмірі көрмеген.

Нәфиса ДӘРІБАЙ, 1 ТОП МҮГЕДЕГІ: 

Қармақшы аудандық зағиптар қоғамының басшысы Асқар Қолдабеков па, соңы сайлап отыр. Ол кісі айтады: мен өзімді өзім ұсындым дейді. Ал біздің уставта, зағиптар қоғамының уставында ол өзін өзі ұсыну деген жоқ. Біз неге кандидатурамызды балама түрінде ұсынбаймыз десек, республикалық зағиптар қоғамының президенті: пленум шешеді дейді.

Зағиптардың айтуынша, олар облыстық филиалдың осыған дейінгі төрайымының былықтарын әшкерлеген. Барлық болып жатқан мәселелердің артында соқырлар қорпоративтік қорының басшысы тұр, ол тек өз мүддесін қорғайды деген азаматтар, әділ сайлауды талап етіп отыр.  

Дулат АСЫЛХАНОВ, 1 ТОП МҮГЕДЕГІ: 

Біздің Қазақ соқырлар қоғамының уставы бойынша, облыстық басқарма төрағаларының жоғары немесе арнайы орта білімі болуы тиіс. Ол кісі болса жалған диплом ұсынған. Оған көзін жұмып, тіпті септігін тигізген біздің корпоративті қордын басшысы Тайманов деп білеміз. Уақытында ол корпоративті қормен қатар, осы облыстық соқырлар қоғамының басшылығын бірге атқарып келген. Екі қызметті бөлген кезде, орнына осы Бидайкүлді қойды. Ол кісі жалған дипломмен жұмысқа орналасып, қаншама құжатқа, оның ішінде мемлекеттік келісім-шарттарға қол қойып келді. Бұл деген соттық іс.

Облыс бойынша мың жарымға жуық зағип кісі болса, соның 500-і Қызылорда қаласында тұрады. Сайлау жиналысына қатысқаны жүздің үстінде. - Проблеманың барлығын біліп қана қоймай, жан-жаққа жүгіріп, аймақ басшысының алдына барып, мәселелерді жайып салып, жұмыс істей алатынын көрсетіп жүрген Батырхан Исаханов есімді азамат бар, сол төраға болуы тиіс, - деп отырған көпшілік, енді тиісті органдардың көмегіне жүгінбек.

Алтынкүл СЫДЫҚОВА, 1 ТОП МҮГЕДЕГІ:

Мұнда бір шикілік бар. Бұйрық алып келді де, бұйрық талқыланбайды, орындалады деді де, Асқарды қойды. Батырхан деген жігіт қанша уақыттан бері бір тиын алмаса да 4-5 адамды сүйрелеп, облыс әкіміне барып, ақша бөлдіріп, қаншама зағиптардың 4 сағаты мен 7 сағатын шырылдап жүріп алып беріп отыр. Ал ол адамға отказ береді. Бізге керек емес, ондай махинация. Бұл жерде жемқорлық бар. Ондай заңсыздыққа бармау керек қой.

Дулат АСЫЛХАНОВ, 1 ТОП МҮГЕДЕГІ:

Мүгедектердің құқығын қорғау деп көрсетілген, облыстық басқарманың статусында. Олар болса біздің құқықтарымызды таптап отыр. Бұл жерде Тайманов мырза, барлығын былықтырып отырған. Біз қарсымыз. Біз әділ түрде қайта сайлау өткенін және де қазіргі пленумды таратып жіберуді талап етеміз.

Әр тараптың өз шындығы бар демекші, пленум сайлаған азамат болса бұл лауазымнан кетпейтінін айтып отыр.

Асқар ҚОЛДАБЕКОВ, ҚАЗАҚ СОҚЫРЛАР ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Өзімше күшімді сынайын деп, әрі деңгейім жетті-ау деп, сол үшін келдім. Қалай болғанда енді заңға бағынуымыз керек. Филиалды тоқтатын не орталық басқарма - Астанадағы, не сот. Осы екі инстанция біздің қызметті тоқтата алады.

Ал облыстағы мүгедектердің құқығын қорғау және жәрдем беру жөніндегі қоғамдық бірлестіктің төрағасы Бақыт Жұмашев бұл жерде шикілік пен бақталастық бар екені анық дейді.

Бақыт ЖҰМАШЕВ, «ҰШҚЫН» МҮГЕДЕКТЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ЖӘРДЕМ БЕРУ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІКТІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Олардын рухын көтеріп, жұмысқа тартып, жаңадан жұмыс көздерін ашып, жұмыспен қамтып, әйтеуір өз нанын өзі тауып жейтін механизм қалыптастыру жолдары жоқ. Оны істейін деген азаматтарды жергілікті жерден шығып отырған, оны қолдатпай отыр. Қоятын кезде де жергілікті әкімшілікте, Нұр Отан партиясы бар, бірлесе, ақылдасып отырып, сайлаған дұрыс деп ойлаймын. Көзі көрмейтін азаматтарға спонсорлық көмек болып тұрады, әрине. Жария айта отырып, көрсете отырып жасаса, үлкен жеміс, нәтижесін береді. Бұл жерде енді көп нәрсе жасырын түрде, үлкен қаражат бөлінсе 10-ақ пайызын ғана көрсетіп, сонымен өткізіп, қалғанын жоқ қылып жібереді. Соның кесірінен алауыздық туып отырғаны.

Төрағаны сайлайтын облыстық филиалдың басқарма мүшелері, ал болып жатқан дау - арандатушылардың ісі, деген «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Алмат Наурызбаев, бұл сайлауға орталық басқарманың еш қатысы жоқ, деп отыр. Дейтұрғанмен сайланған азаматты сайлау алдында ұсынғанын айтты.

Алмат НАУРЫЗБАЕВ, «ҚАЗАҚ СОҚЫРЛАР ҚОҒАМЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

Мен ұсындым Қолдабеков деген азамат деп, Қызылорда облысының Қармақшы ауданының бұрынғы корпоративтік қордың президенті, сол басқарманың мүшесі. Орталық басқармасы төрағасы ретінде мен ұсыныс жасай аламын. Шешім қабылдайтын басқарманың мүшелері. Басқарма мүшелерін зорлап дауыс бергізе ма? Әркімнің өзінің құқығы бар емес па?

Наурызбаев мырзаның айтуынша, ендігі жерде үш жол бар. Сотқа жүгіну, Қызылорда облыстық филиалының мүшелерін жинап, жаңадан конференция өткізу немесе жоғарғы орган - орталық басқарманың отырысына арыздану. Аймақтағы зағип жандар болса, өзара келісу мүмкін емес, үмітіміз тек сотта, дейді. Сол жерден әділ шешім шығатынына сенеді...

Шарипа Сақтапова, Қайрат Рабаев «Біздің уақыт»