$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«ҚазТрансГазАймақ» тұтынушыларға 300 миллион теңгеге жуық қаражатты қайтаруы тиіс

AstanaTV
10.08.2017ж. 20:00
3187
«ҚазТрансГазАймақ» тұтынушыларға 300 миллион теңгеге жуық қаражатты қайтаруы тиіс

«ҚазТрансГазАймақ» Қостанай тұрғындарының газ үшін артық төлеген ақшасын қайтарып береді. Акционерлік қоғам қолданып келген түзету коэффициенті заңсыз болып шыққан. Бұл туралы Қостанай облысының табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментінің өкілдері мәлімдеді.

Еске салайық, көпшілікті көгілдір отынмен қамтамасыз ететін алпауыт кәсіпорын түзету коэффициентінің әдістемесін 2012 жылы енгізген. Осы кезеңнен бастап есептегіш құралдары сыртта орнатылған тұтынушыларға ауа температурасына байланысты төлемақы қолданылған. Өңір тұрғындары қыс мезгілінде газдың қосымша құны шарықтап кететіндігін айтып, табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті мен прокуратуға шағымданған. Тіпті, президент аппаратына да хат жолдаған. Ал тексеріс жүргізген тиісті мекеме қызметкерлері Кәсіпкерлік кодекстің 174 бабы бұзылғандығын анықтаған. Яғни «ҚазТрансГазАймақ» АҚ тауарлық және сұйытылған газды бөлшек саудаға шығару туралы, Энергетика министрінің қаулысы шықпай тұрып, түзету коэффициентін енгізген. Енді кәсіпорын тұтынушыларға артық төленген ақшаны қайтарып беруі тиіс.

Нұрлан Жалғасбаев, облыстық ТМР және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысының орынбасары:

Комитет тексеріс жүргізіп, түзету коэффициентін енгізу заңсыз екендігін анықтады. Бүгінгі таңда сот  шешімі де  заңды күшіне енді. Комитет тарапынан  «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-на артық төленген ақшаны қайтару жөнінде нұсқау берілді. Олар міндеттемені орындауға кірісті.

Ведомство мәліметінше, акционерлік қоғам Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында түзету коэффициенттерін заңсыз енгізген. Енді әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «ҚазТрансГазАймақ» өкілдері  тұтынушыларға қанша қаражат қайтару керектігін дөп басып айта алмай отыр. Бірақ облыстық прокуратураның мәліметінше, ол 269 миллион теңгені құрайды. Компания қайта есептеуді бастаған.

Оксана Марар, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қостанай өндірістік филиалы  заң бөлімінің басшысы:

Қазіргі таңда біздегі мәліметтер базасына өгеріс енгізіліп жатыр. Бұл жұмыс аяқтала салысымен, облыс тұрғындары мен қатар өзге де өңір тұтынушыларына қайта есептеу шарасы жүргізіледі. Қайта есептеу автоматты түрде жасалады. Яғни тұтынушы кәсіпорынға келіп ешқандай арыз жазбайды.