Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Атыраулық кәсіпкерлер «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасының тоқтауына байланысты бизнес нысандарына инфрақұрылым өткізе алмай отыр

AstanaTV
10.08.2017ж. 20:00
3325
Атыраулық кәсіпкерлер  «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020»  бағдарламасының  тоқтауына байланысты  бизнес нысандарына инфрақұрылым өткізе алмай отыр

Атырау  облысының кейбір кәсіпкерлері  «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасының игілігін толық көре алмай қалды. Мемлекеттік бағдарламының тоқтауына байланысты бизнес өкілдері нысандарына инфрақұрылым өткізуге ақша таппай отыр. Ал жаңадан қабылданған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша қаражат бөлу қарастырылмаған. Жергілікті билік өкілдері осылай мәлімдеді.

Бауыржан Зинуллин «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша 4 жыл бұрын несие алған көрінеді. Махамбет ауданының іскер азаматы республикалық маңызы бар тас жолдың бойында  шағын кафе салып, жолаушыларға сервистік қызмет көрсетуді көздеген. Тіпті кейбір инфрақұрылым желісін өз күшімен өткізген. Алайда, бизнес нысанға дейін асфальт төсеуге ақшасы жоқ.

Бауыржан Зинуллин, кәсіпкер:

2013 жылдан бастап 2020 бағдарламасы бойынша жұмысты бастадық, жеке кәсіпкерлік аштық. Бәрін жақсылап, қолымыздан келгенше, салып қойдық. Бірақ енді осы күнге дейін жұмыс жасай алмай отырмыз. Жолдан түсетін кірме жолды жасай алмай отыр.

Махамбет ауданындағы 10 кәсіпкер мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлінген қаражаттың көмегімен өз нысандарына толық  инфрақұрылым өткізіп үлгерген. Ал, жетеуі жобалық-сметалық құжат жасауға ғана жеткен. Енді жергілікті билік өкілдері кәсіпкерлерге  көмектесудің тиімді жолдарын қарастырып жатыр.

Сырымбет Кенжебаев, Атырау облысы Махамбет ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

Бұрынғы "Жұмыспен қамту-2020" бағдарламасы негізінде 7 кәсіпкерлік насанға жобалық-сметалық құжаттар жасақталып, сараптамалық қорытынды өткізілген болатын. Алайда былтырғы жылы бағдарламаның тоқтап қалуына байланысты, қазіргі уақытта 7 кәсіпкерлік насанның инфрақұрылымын тарту жұмысы тоқтатылып тұр. Бұл мәселе жөнінде облыстық әкімдік арқылы министрлікке ұсыныс енгіздік.

Атырау облысында жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жұмыс жүріп жатыр. Махамбет ауданының орталығында кәсіпкерлерге арналған ірі орталық ашылмақ. Бұл жерде елуге тарта іскер азаматтың өз ісімен айналысуға мүмкіндік туады. Қазір ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал, аудандық кәсіпкерлер палатасы бизнеспен айналысқысы келетін ауыл тұрғындарын оқытып жатыр.

Жанаргүл Жоламанова, Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің жетекшісі:

Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап, "Бастау" бизнес жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту басталды.  2017 жылға 750 адамды оқыту жоспарлануда. Бүгінгі күні 413 адам оқытылды. Оның ішінде 15 адам  шағын несие алды, 49 миллион соммасы. 6 адамның өтініші мақұлданып, қазір қаржыландыруды күтілуде.

Мұнайлы өлкедегі Индер, Исатай, Қызылқоға, Махамабет секілді 4 ауданда  жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған халық саны басым. Көбінесе осы аудан тұрғындары оқу курстарын аяқтап, бизнес-жаттықтырушылардың қолынан арнайы сертификат  алып жатыр.

Заңғар САНАЙ