Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Алматыдағы жартылай марафонда болған қайғылы жағдайдан кейін жарыс талаптары өзгермек

AstanaTV
15.10.2018ж. 20:00
2133
Алматыдағы жартылай марафонда болған қайғылы жағдайдан кейін жарыс талаптары өзгермек

Бұқаралық жарыс түрлеріне қатысу талабы енді қайта қаралмақ. Бұл туралы Алматыда өткен жартылай марафон ұйымдастырушысы Салатанат Қазыбаева айтты. Осы уақытқа дейін жарыс ережесінде медициналық анықтама талап ету болмаған көрінеді.  

Салатанат ҚАЗЫБАЕВА, «БІРІНШІ БОЛУ-БАТЫЛДЫҚ» БІРЛЕСКЕН ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біз 8 жылдан бері спорттық шаралар ұйымдастырып келеміз. Содан бері әр қатысушы өз денсаулығына өзі жауап береді деген талап қана болды. Яғни, тіркеу кезінде жарыс ережесімен келісемін дейтін. Жарысқа ешбір қатысушыдан анықтама сұратпаймыз. Жарыс жолының әр позициясында жедел жәрдем көмегі қойылады. Бірақ, бұл бір күн немесе 3 ай дайындалып қатысатын жарыс емес қой. Қашықтық ұзақ, ойланып барып шешім қабылдау қажет. Енді болған оқиғадан кейін біздің жұмыс тобы жарыс ережесін қайта қарауына алды.  

Еске салайық, кеше мегополисте жартылай марафон сайысы ұйымдастырылған. Қайғылы жағдай 10 шақырымдық қашықтықта жүгіргендер арасында болған. Мәре сызығына 500-700 метрдей қалғанда студент Максим Королевтің денсаулығы сыр берген. Бірақ, жедел жәрдем жеткенше ол көз жұмды.  

Ольга КОРОЛЕВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Жалғыз ұлым жастайынан спортқа жақын болды. Сабағын да жақсы оқитын. Соңғы үш жылда жауынгерлік самбомен айналысып, спорт шеберлігіне үміткер дейтін дәрежеге де жетті. Үйде оның спорттық шаралардан алып келген марапаттары өте көп. Білмедім. Өмір бойы спортпен айналысқан баламның аяқ асты денсаулығы сыр бергені түсініксіз.  

О. Нұржақып