Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Өзбекстандағы Қазақстан елшісі ірі көлемде бюджет қаржысын жымқыру бойынша күдікке ілінді

AstanaTV
16.10.2018ж. 20:00
2760
Өзбекстандағы Қазақстан елшісі ірі көлемде бюджет қаржысын жымқыру бойынша күдікке ілінді

Өзбекстандағы Қазақстан елшісі ірі көлемде қазына қаржысын жымқырды деген күдікке ілінді. Ақпаратты Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова мәлімдеді. Дипломат Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің әкімшілік ғимаратының құрылысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы жалған актілерге қол қойды деген күдік бар. Заңсыз әрекеттен келген шығын көлемі 140 млн. теңгеден асады. Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы» төрағасының орынбасары да ұсталды. Шенеунік қарамағындағылардан пара алды деген күдікке ілінді.   

Жанна БАСТАРОВА, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ЖӘНЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:  

Ол қоластындағы қызметкерлерге есептелген сыйақы көлемінің 50 пайызын пара ретінде қызметте жалпы қамқорлығы үшін алып отыру бойынша қылмыстық схема дайындалған. Қазіргі таңда оның қарамағындағы қызметкерлері, яғни Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарындағы филиал басшыларынан берілген сыйақыларды қайтарып беру түріндегі 720 000 теңге пара алу фактісі анықталды. Сонымен қатар, жалпы алынған қаржының жалпы көлемі анықталуда.  

Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі темір жол билеттерін алып-сататындармен де күресті бастады. «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірге арнайы жобалау офисі құрылған. Мамандар делдардарды анықтап, олардың заңсыз ісіне тосқауыл қоймақ. Билеттерді электрондық қызмет көрсету арқылы алып, кейін оны қымбат бағада сатқандар әрекеті арнайы рейд кезінде әшекере болды. Заңбұзушылықтарға жолсеріктердің де қатысы бары анықталды. Өйткені, темір жол кассаларында билет болмағанымен, вагондарда бос орындар көп болған. Қазіргі кезде делдардар туралы барлық ақпарат Ішкі істер министрлігіне жіберілді.  

Әлібек СҰЛТАНОВ, «ЖОЛАУШЫЛАР ТАСЫМАЛЫ» АҚ КЛИЕНТТЕРГЕ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:  

Алып-сатарлардың ҚТЖ немесе оның еншілес компанияларының қызметкерлері екендігі расталмады. Олар жолсеріктермен немесе касса қызметкерлерімен бірігіп әрекет жасап жүрген үшінші тарап. Жолсеріктерге қатысты 60 еңбек шарты бұзылып, 10 адам қызметінен төмендетілді. Жұмыс мұнымен тоқтамайды.

Ғ. Қылышбаева