Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Жамбылда қазақ-қырғыз шекарасында қарулы қақтығыс болып, ауыл тұрғыны автомат оғынан ажал құшты

AstanaTV
14.08.2017ж. 20:00
5041
Жамбылда қазақ-қырғыз шекарасында қарулы қақтығыс болып, ауыл  тұрғыны автомат оғынан ажал құшты

Шекарада шыққан шу. Жамбылда қазақ-қырғыз шекарасында қарулы қақтығыс болып, ауыл тұрғыны автомат оғынан ажал құшты. Жасөркен ауылының 30 жастағы тұрғыны Еркін Әміртаевты шекара қызметінің сарбазы атқан. Басынан ауыр жарақат алған азамат оқиға орнында көз жұмды. Марқұм болған жігіт мемлекеттік шекараны өзінің жиырмаға жуық жолдасымен заңсыз кесіп өтпек болған. Қазақ жастары Қырғыз жеріне қандай мақсатта бармақ болды? Данияр Әлімқұл анықтауға тырысты.

Данияр Әлімқұл, тілші:

Оқыс оқиға 12-ші тамыз күні, кешкі сағат сегіздер шамасында болды. Жасөркендік жастар шекарадағы шырмалған сымдары шешіп, арғы бетке астыртын өтпек болған. Сол сәтте қарауылға қойылған қырағы сақшылар бұзақыларды байқап қалып, тоқтауды талап етеді. Алайда, ауыл жастары айтқанға көнбей, Қазақстан-Қырғызстан шекара шебін бөліп тұрған шиыршық тосқауылды бұзады. Қарап тұрмаған қос сарбаздың бірі ескерту ретінде автоматпен аспанға бір рет оқ атады. Талапты тыңдағысы келмеген топ жігіт қарсыласып, таспен атқылайды. Кесек жауған кезде жарақат алып қалған жасақ сарбазының бірі жауап ретінде автоматпен оқ жаудырады. Қаңғыған оқ 30 жастағы Еркін Әміртаевтың басына тиіп, бақилық болды. Дәрігерлер оған «ашық ми жарақаты» деген диагноз қойған. Жапа-тармағай оқиға орнынан із суытқан жастар Жасөркен ауылына жасырынып, жоқ болады.

Қазір 20-да 35 «Тараз» шекара бекеті маңына бір қадам басу мұң. Шекарада шыққан шудан қазір қосымша қарауыл күшейтіліп, сарбаздар саны артқан. Ал, ұлдарынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан Әміртаевтар әулеті камераға көрінуден, журналистерге жауап беруден бас тартты. Марқұм болған Ермек Әміртаевтың артында жұбайы мен екі баласы қалды. Ауыл тұрғындарының Қырғыз жеріне заңсыз жолмен не іздеп бармақ болғанын біле алмадық. Алайда, Бас әскери прокуратура жасөркендік жастардың Қырғызстаннан заңсыз жолмен жылқы айдап келмек болғанын анықтаған. Ал, түнгі тобырдың лақтырған тасынан жарақаттанған қатардағы қос жауынгер Ергеш пен Бөрібайға ауруханада көмек көрсетілді.

Оксана Парпура, ҚР ҰҚК шекара қызметінің баспасөз хатшысы:

Шекарашылар түрлі жарақат алған. Олар, өз өмірлері мен денсаулықтарын сақтап қалу үшін, қару қолдануға мәжбүр болды. Алдымен ескерту белгісі ретінде аспанға оқ атқан. Оған мән бермеген соң шабуылдаушыларға қару қолданған. Шабуылдаушылардың біреуі жарақат алып, кейін оның қаза болғаны белгілі болды. Тараз шекара жасағында қазір шекара қызметі күшейтіліп Қосымша күш пен қаржы жіберілді. Аталған дерек бойынша өзара әрекет жасау үшін, құқыққорғау органдарына да хабар беріліп, қазір тергеу шаралары қолға алынды.

Қазір қанды оқиғаға қатысы бар Жасөркен ауылының жастарын полиция әздеп жатыр. ІшкІ Істер министрлігінің Әскери-тергеу басқармасы қос бап бойынша қылмыстық іс қозғады. Оның бірі сарбаздарға қатысты яғни, 451-ші бап 2-ші бөлігімен, «Қызмет бабын асыра пайдалану, қару қолдану арқылы ауыр дене жарақатын салу». Ал 380-ші бап 2-ші бөлімімен шекарашыларға шабуыл жасаған қаскөйлерге қатысты қозғалып отыр.

Еркін Қожа-Ахмет,  ҚР Бас  әскери прокурорының аға көмекшісі, әділет майоры:

Яғни билік өкіліне қатысты күш қолдану айғағы бойынша соталды тергеу амалдары жүргізілуде. Осы қылмыстық іс Жамбыл облысы Жамбыл ауданы ІІБ өндірісінде. Сонымен қатар қару қолданған әскери қызметкерлерге де қарсы сот алды тергеу жүргізіліп жатыр Қылмысты іс Бас әскери прокуратураның бақылауында. 

Айта кетейік, Жасөркен ауылына жапсарлас шекара шебіндегі шу - бұл бірінші рет болып тұрған жоқ. Аталған ауыл жастары 5 жыл бұрын дәл осындай жолмен Қырғызстаннан тауық етін алып өтпек болған. Ол кезде де бір ауыл тұрғыны шекарашылар қолынан қаза тапты. Бұл жайын ауыл әкімі де жоққа шығармады.

- Жасөркеннің жастары неге Қырғызстанға өтуге құмар?  

Зайнілдә Сматов, Жасөркен ауылының әкімі:

Шекараға ғой бізде. Шекара 2008-де қойылғаннан бері бері 24 шақырым. 3 шақырымы қоршалмай қалған. Сол енді жұмыссыз адамдар бар. Ептеп-ептеп Қырғызстаннан келісіп алады да. Жылқылар өткізеді. Кәсіп қылған осындайды. Арғы жақта қырғыздар да өздері сияқты балалар бар ғой.

Ауыл әкімінің айтуынша, шекарадағы шиеленістің көп болуына Жасөркендегі жастардың жұмыссыздығы себеп екен. Қазір қашқындардың ұстау бойынша полицияның жұмысы күшейтілген тәртіпке көшкен.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ