Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Президенттің Финляндия мен Бельгияға сапарынан

AstanaTV
20.10.2018ж. 20:00
3406
Президенттің Финляндия мен Бельгияға сапарынан

Алдымен Президенттің Финляндия мен Бельгияға сапарынан. «Егер картаға қарасақ, екі мемлекет бір-бірінен кәдімгідей қашық орналасқан, алайда өмірде бізді байланыстырып тұрған «үлкен көрші» бар, сол көрші бізді кез-келген мәселені шешуде салқын ақылға сүйенуге итермелейді, сондықтан бұл ретте біз жұмыс істеуде, проблемаларды шешуде, бизнес жүргізуде ұқсаймыз деп ойлаймыз». Финндер осылай деген. Н.Назарбаев «үлкен көрші» туралы әңгімені жалғастырып: «Егер Сіздер біз сияқты Ресей мемлекетінің құрамында ұзақ қалғандарыңызда, қалай өрбитінін кім білсін, ал сіздердің елдің қазіргі дамуы расында ырза қылады», - деген. Тағы бір тоқталатыны, Мемлекет Басшысы Nokia Corporation телекоммуникациялық компаниясының жетекшісімен кездесті. Әрине, Nokia десе көп кісі баяғы ұялы телефондарды еске түсіреді, бірақ қазіргі Nokia телекоммуникация саласындағы жобалармен айналысады. Қазақстан үшін 5G стандартын енгізуде оның тәжірибесі қызық. Жалпы, Финляндия әлемдегі ең қауіпсіз және тұрақты мемлекет болып саналады. Transparency International ұйымының есебінше, коррупция жоқ дерлік, қылмыстық әрекеттер мүлдем жасалмайды деуге болады. Қызығушылық осыдан басталса керек... Дегенмен екі елдің 1 млрд долларға жеткен сауда айналымы 300 млн долларға түсіп кеткен. Осы сапар аясында 600 млн долларға бағаланған келісім-шарттарға қол қойылыпты. Н.Назарбаев Брюссельде өткен «Азия-Еуропа» САММИТ-не қатысты. Оған дейін еуропалық ірі бизнесмендермен кездесті. Маңыздысы - Еуропа Қазақстанның сауда-экономика және инвестиция салаларындағы нөмірі бірінші серіктесі. Осы уақытқа дейін елімізге Еуропадан 180 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей инвестиция тартылды. Жерімізде Еуропа капиталының қатысуымен түрлі салаларда 3 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді.  

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан арқылы Қытай мен Азияның басқа елдерін Ресей, Каспий теңізі және Қара теңіз, сондай-ақ, Иран мен Түркия арқылы Еуропамен байланыстыратын 5 темір жол және 6 автомобиль жолы өтеді. Енді Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға және кері қарай жөнелтілетін жүк тасымалы теңіз жолына қарағанда 4 есе қысқарады.


Бір қызық штрих - картоп өңдеумен айналысатын нидерландтық отбасылық компанияның өкілі қазақстандық картоптың фри жасауға жарамайтынын айтқан. Біздің еліміздің нарығына 2015 жылға келген. Қазақстан жылына 3-3,5 млн тонна картоп өндіреді, оның бірде бір түйірі өңдеуге келмейді деген ол Назарбаевқа. Әйтсе де, кәсіпкер Алматы облысында сынақ өткізіп көріпті – еккен картоптары жақсы болып шыққан. Енді өңдейтін зауыт салмақ. Президенттің Павлодар облысында тәп-тәуір картоп өсетінін айтқанына нидерландтық кәсіпкер: «Солтүстік өңірлерде де егіп көрдік, өнімділік 40-45 процент ғана, Алматы облысында екі есе ғып жинадық», - деген. Осы жаңалықты оқыған жұрт «біздің дәмді картопқа тиіспесін!» деп жазып жатты. Ал біреулер әлемдік деңгейде өнім шығаратын компаниялардың келгені дұрыс, олар жаңа технология әкеледі, салық төлейді, ауыл шарушылығын дамытуға септеседі. Ауыл шаруашылығы біздің шын мәнінде потенциалымыз ғой, көтере алмай отырған өзіміз депті.