Елімізде денсаулығына орай мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен өмір сапасын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар дайындалып жатыр. Оған түрткі болған бір себеп – БҰҰ мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінің арнайы баяндамашысы Каталина Девандастің ұсыныстары. Ол денсаулығына орай әрекеті шектеулі адамдарды қоғамнан бөлуді, олармен қауымдаса өмір сүру керектігін түсінбеуді, турасын айтқанда - аларып қарауды қоюды айтқан... Соңғы бес жылда елімізде денсаулығына орай мүгедектер саны 7,5 процентке көбейген. Қазір 674 мыңнан астам. Оның ішінде балалар да бар. Дәрігерлер бұған саулығына салғырт қараған ата-аналарды кінәлайды. Тағдыры тауқымет жандар болса ауыр күрсінеді... Балалардың тән азабын жеңілдететін арнайы орталықтар аз. Инклюзивті білім беру проблемасы, ол бар. Қазір 147 мыңнан астам бала жөнді білім ала алмай отыр. Балабақшалардың инклюзивті білім беруге 15 проценті ғана жабдықталған. Ал мектептердің «жартысынан астамы» дейді ресми билік, күмәнім бар. Еркін Карин жалғастырады.
- Бірақ мен сорпаны іше алмаймын. Мамам береді...
- Енді өзіміз ішуге тырысамыз, иә, Ислам?
- Иә.
8 жастағы Ислам үшін басында сөйлеу түгілі, қимылдаудың өзі қиын еді. Қазір тіпті орысша да шүйіркелесетін болған. Оны осылай қатарға қосу үшін мамандар 4 жыл бойы тынымсыз тер төккен. Бірақ әлі біраз еңбектену керек. Ерекше күтім мен қамқорлыққа мұқтаж бүлдіршіндермен жұмыс - инемен құдық қазғандай бейнеті көп ауыр іс.
Назерке МҰРАТ, ДЕФЕКТОЛОГ:
Ойын арқылы балаларға түстерді, пішіндерді үйретуге тырысамыз. Біздің жұмысымыз нәтижесін бірден бере қоймайды. Көп уақытты талап етеді, төзімділікті талап етеді. Сондықтан біздер шыдамды болуға тырысамыз.
Ислам сияқты балаларды оңалтумен айналысатын «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің ашылғанына 14 жылдан асқан. Басында мұнда 10-12 бала болса, қазір емделушілер саны 100-ден көп. Бірақ аялы алақанның шуағы төгілген ғимарат келушілерге тарлық етіп отыр.
Жаннат ҚУАНЫШБЕКОВА, ОРАЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Бәйтерек» болмаса үйде отырар едім. Біздердің мұнда келгенімізге үш жыл болды. Үйде отырдым, сосын естіп, осында келдім. Тек мына ғимараттың іші кішкентай - массаж, тренажерный зал кішкентай біздердің балаларымызға. Ал былай жақсы, өзгеріс бар баламда.
Бүгінде бірлестік жанынан аутизм орталығы ашылған. Өйткені осы бір жұмбақ дертке шалдыққан бөбектер көбейіп, 200-дей бала тіркеліпті. Бұрын мүгедектік 4 жастан тағайындалса, қазір сәбидің ауру әлде сау екенін дүниеге келген сәтіндегі қимылынан-ақ анықтауға болады екен. Медицинаның мүмкіндігі озық болғанымен, ата-аналардың ұстанымы тозық. Көбісі ауруын жасырған оңбайтынын ескермейді.
Айнагүл ЕСЕНҒАЛИЕВА, «БӘЙТЕРЕК» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ӘДІСКЕРІ:
Біздің кешігіп қалуымыз өте көп болып тұр. Сосын ата-аналардың арасында да кішкене білмеушілік, ол балалардың бағытын білмегендіктен, көбіне жас ата-ана болсын, қай жастағы ата-ана болсын, баласының мүкістігінен қысылып, көп уақытқа дейін үйге тығып, ешкіммен араластырмай деген сияқты, баладағы бар симптомдарды асқындыруға қазір мүмкіндік беріп тұр. Сол уақытта дабыл соққан жағдайда баланы бір қалыпқа қойып, ол жағдайдан алып шығуға болады.
Денсаулығына байланысты әрекеті шектеулі жандардың жағдайын жақсарту үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төрт жылға арналған Ұлттық жоспар дайындамақ. Жеті бағыт бойынша әзірленетін бағдарламада отбасыны жоспарлаудан бастап, бала туу, инклюзивті оқыту ісі тәптіштелмек. Өйткені еліміздегі 147 мың астам мүгедек бала жөнді білім ала алмай отыр. Дегенмен өңірлердегі жеткіншектер Астана және Алматы қалаларындағы клиникаларға, сауықтыру орталықтарына жіберіліп тұрады.
Архат ИСЛАМҒАЛИ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ БҚОФ САЯСИ ЖҰМЫС БӨЛІМІНІҢ КОНСУЛЬТАНТЫ:
«Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі балалар арасында сурет көрмесі мен шығармашылық байқауларын ұйымдастырамыз. Бұдан бөлек партия бастамасымен аутизмге шалдыққан балаларға арналған инклюзивті кабинет аштық. Болашақта бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысында мүгедек балаларды инклюзивті біліммен қамту 64 пайызға жеткен. Жылдық өсім бірер пайыздан аспағанымен, мұның өзі – жаман емес. Дефектолог, логопед, әлеуметтік педагог секілді мамандардың арқасында бір жылда бір мыңға тарта жеткіншектің саулығы түзеліп, мүгедек деген сипаттамадан құтылған. Енді әр мүгедек балаға дербес маман бөліп, оқыту жоспарда тұр.
Салтанат ҒҰБАШЕВА, БҚО ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ-МЕДИЦИНАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КЕҢЕС БЕРУ МЕКЕМЕСІНІҢ ӘЛЕУМЕТТІК ПЕДАГОГЫ:
Аутист балаға «тюютор» деген маман қасына енгізіледі. Сол бір балаға бір тьютор. Сол кісі қасында қосымша отырып көмектеседі және бірге жұмыс істейді. Ата-анаға да, мұғалімге де пайдасы өте жақсы.
Бүгінде елімізде 85 мыңнан астам бала мүгедек. Аймақтардың арасынан Түркістан облысы бастап тұр. Мұндағы мүгедектер 14 мыңнан асады. Одан кейін Алматы мен Жамбыл облыстары. Бұл облыстардағы мүмкіндігі шектеулі жандар 6-8 мың аралығында. Статистикаға шақсақ, соңғы бес жылда олардың саны 7,5 пайызға өскен. Әр пайыздың артында қанша бейкүнә тағдыр тұр?
Анаргүл КУДЕСОВА, БҚО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:
2016-2017 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда мүгедек балалардың саны 2,1 пайызға көбейіп отыр. Бұлардың бірден бір себебі, яғни тұқымқуалаушылық ауруларының көп болуы, неврологиялық аурушаңдықтың болуы және жүрек ақауларының кездесуінің себептерінен мүгедек балалардың саны көбейіп отыр.
Мүгедектіктің алдын алу үшін әр адам өз денсаулығына мұқият болуы керек. Сонымен бірге жүктілік кезіндегі әр өзгеріс пен тексеріс ескерілуі тиіс. Бала тууды дұрыс жоспарлағанда ғана құрсақтағы титімдей тіршілік иесі қор болмайды. Бұл іс жүйелі түрде жан-жақты қолға алынса, өмірге келетін буынның дені сау болар еді.
Ардақ МҰҚАНОВА, БҚ0 ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Сізде мынадай-мынадай хромосомдық, мынадай пайызда балаңызда туа біткен аурулары болады деп олар кеңес берсе, ата-ананың көбі оған құлақ аспайды. Сондықтан өмірге жаңағыдай мүгедек балаларды әкеледі. Қандай да бір хромосомдық аурулардың белгісі болатын болса алдын алу керек аурудың. Ол алдын-алу керек дегеніміз медицинамен бірігіп, қандай да болмасын шара қолдану керек.
Ерекше күтім керек балалар бейімдеу орталықтарында тек 16 жасқа дейін болады. Кішкентайынан түрлі үйірмеге қатысып, мамандарға бой үйреткен жеткіншектер содан кейін өзімен-өзі қалады екен. Яғни ондай балаларды қоғамның мүшесі ету ісі үзік-жұлық деген сөз.
Еркін КАРИН, ТІЛШІ:
Баланың тағдыры мына саз сияқты. Қалай илесең, солай икемделеді. Әлжуаз, дамуында ауытқушылығы бар бүлдіршіндерді жылдар бойы бейімдеп, қамқорлыққа алу керек. Есейгеннен кейін де дұрыс көңіл бөлінбесе, ондаған жылға созылған еңбектің зая кетуі мүмкін. Соңында «ізгі қоғам, гуманист мемлекеттің міндеттерін орындап жатырмыз» деген есеп жартыкеш болып шығады.
Еркін Карин, Наурыз Халит «Біздің Уақыт»