Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қазақстанда қаңтар айынан бастап қоғамдық қызмет көрсету орындарында санитарлық бақылау күшейеді

AstanaTV
23.10.2018ж. 20:00
3640
Қазақстанда қаңтар айынан бастап қоғамдық қызмет көрсету орындарында санитарлық бақылау күшейеді

Қаңтар айынан бастап дәмхана, асхана, сұлулық салондары мен дүкендерде санитарлық бақылау күшеймек. Тауар мен қызмет сапасын жаңадан құрылатын комитет қадағалайды. Соңғы жылдары қоғамдық орындарда жаппай улану жиілеп, азық-түлік сапасы төмендеп кетті. Президент соңғы Жолдауда осыған да тоқталған. Тіпті, жаңа орган құруды тапсырды. Тақырыпты Айжан Қуаш тарқатады. Жазда Теміртаудағы мейрамханалардың бірінде тойдан соң, 20 адам ұшынып, ауруханадан бір-ақ шықты. Араларында аяғы ауыр әйел мен балалар да бар. Ақыры даяшылардың бірінен «Сальмонеллез» анықталған еді. Санитарлар мұндай келеңсіздік негізінен қызмет сапасының төмендігіне байланысты,-дейді. Тіпті, азық-түлік сапасы да сын көтермей жатады.   

Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің мәліметінше 2018 жылы 5 айдың ішінде тексерілген 8660 ет және сүт өнімдері сынамасының 21 пайызы талапқа сай болмай шыққан. Оның ішінде құс етінің 24 пайызы, мал еті мен одан жасалған тағамдардың 23,9 пайызы, ал сүт өнімдерінің 29 пайызы сапасыз екені анықталды. 

Айта кетейік, әр аймақта қоғамдық ұлттық сараптама орталықтары жұмыс істейді. Ол жерде ішкі өнімдер мен шекара асып келетін азық-түлік жан-жақты тексеріледі. Мәселен, жеміс-жидек пен көкөніс арнайы «Нитраттестор» деп аталатын қондырғыға салынады. Көрсеткіш қалыпты деңгейден асса, тауар кері қайтарылады, деді орталық мамандары.  

Айгүл ҚАРАМЫСОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ҰЛТТЫҚ САРАПТАМА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЗЕРТХАНАШЫСЫ: 

Сәбіз нормасы 400 ден аспау керек. Өлшемі 104 көрсетіп тұр. Бұл сәбіз нормада деген мағынаны білдіреді.

Алайда, қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің мәліметінше, азық- түлік үнемі сапалы бола бермейді. Мамандар Қырғызстан, Ресей, Украина, Франция, Белорусь елдерінен келетін ет, сүт құрамынан доңыз ДНК-сы, пальма майы мен фосфаттар тапқан. Сапасыз өнімнің басым бөлігі Ресейдің үлесінде.  

Эльмира ҚҰРБАНБЕКОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ҰЛТТЫҚ САРАПТАМА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: 

Барлық тағам өнімдеріне байланысты біз барлық көрсеткіштерге, микробиологиялық, радиологиялық, парзитологиялық көрсеткіштерге және барлық техникалық регламенттерге сәйкес барлық тағам өнімдерін зерттейміз.

Қаңтар айынан бастап бұл жұмысты жаңадан құрылатын, тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті қадағалайтын болады. Сөйтіп, Қазақстандағы қоғамдық тамақтанатын орындар мен сұлулық салондары, тіпті кішігірім шаштараздарда, шаруашылық дүкендерде санитарлық бақылау күшеймек. Қазіргі таңда мамандар мектеп, аурухана асханаларын ғана тексеруге құқылы. Қалғандарына Кәсіпкерлік заңы рұқсат етпейді.  

Қайрат БАЙМҰХАМБЕТОВ, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Қазір біз кәсіпкерлерді жайдан жай тексере алмаймыз. Ал, ет, сүт өнімдерін өңделгенге дейін ветеринария қызметі сараптамадан өткізеді.Енді бұл және басқа да, фармацевтика, медицина қызметтері бір жерге біріктірілсе, әрине жақсы. Оның үстіне «Кәсіпкерлер Кодексі» де қайта қаралмақшы. Адам денсаулығына қауіпті және зиянды тауарларды анықтау анағұрлым жеңілдейді деп ойлаймын.

Биыл сапасыз өнім сатқан кәсіпкерлерге 526 ескерту жасалды. Ал, жоспардан тыс тексеру барысында сапасыз тауар үшін 192 әкімшілік іс қозғалып, 12 млн теңгеден астам айыппұл салынған. 1,3 тонна сүт, ет өнімдері айналымнан алынып тасталды.  

А. Қуаш