Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Маңғыстау облысының тұрғыны әлдекімге салынған айыппұлдың тұтқынына айналған

AstanaTV
26.10.2018ж. 20:00
3231
Маңғыстау облысының тұрғыны әлдекімге салынған айыппұлдың тұтқынына айналған

Маңғыстаулық азамат өзіне мүлдем қатысы жоқ айыппұлдың «тұтқынына» айналды. Бисенғали Ақтанов Ақмола облысы аумағында ешқандай да жол қозғалысы ережесін бұзбағанын дәлелдеп әлек. Тіпті, жеке көлігім жоқ деп отыр. Соңғы 22 жылдан бері Ақтаудан аттап шықпаған. Бірақ, оған өзге облыста жол ережесін бұзғаны үшін айыппұл келіп тұр.  

Бисенғали Ақтанов өзіне жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін айыппұл салынғанын бір ай бұрын ғана біліпті. Әдеттегідей жалақысын банкоматтан шешіп алмақ болған. Алайда, ала алмаған. Анықтай келе есеп-шотының бұғатталғанын біледі. Өйткені, айыппұлды өтемеген. Ал, айыппұл оған қаңтар айында «Көкшетау-Рузаевка» тас жолында балаларды креслосыз тасымалдағаны үшін салынған-мыс. Мұны сот орындаушыларынан естідім,-дейді. Аты-жөні, тіпті жеке сәйкестендіру нөміріне дейін тұп-тура өзінікі, тек туған жылы, мекен жайы мен жеке куәлігі басқа адамдікі болып шыққан.      

Бисенғали АҚТАНОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Оларға Астанаға бармағанымды қалай дәлелдеуім керек? Аттап басқан жерім емес. Мен Түркіменияда туылғанмын. Маңғыстауда 1996 жылдан бері тұрамын. Ақтаудың аймағынан басқаны тек теледидардан көргем, былайша шетке шыққан адам емеспін.

Маңғыстаулық азамат әкімшілік полицияға, халыққа қызмет көрсету орталығына сұрау салыпты. Ол Ақмола облысында ережеге бағынбаған көліктің шын мәнінде өзінің атына рәсімделмегеніне тағы бір көз жеткізбек. Екі айдан бері әуре-сарсаңға түскен ол, несиесін де өтей алмай отырғанына күйінді.   

Бисенғали АҚТАНОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

5 қыркүйекте несиемді төлеуге банкке бардым. Сол жерден білгенім 5 қыркүйектен менің шотым жабылған. Кім төлейді менің несиемді? Ешкім. Өсімі өскен бе десем, иә деп тұр.

Әліптің артын бақсақ, бұл адам қателігінен болған жағдай. Яғни ,Ақмола облысы полиция департаменті, қателік екенін мәлімдеді.     

Әсем ӘБДІРАМАНОВА, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТКЕРІ: 

Қазіргі уақытта қызметтік тексеру жүріп жатыр. Анықталғанындай полиция қызметкері әкімшілік істерді деректер базасына енгізу кезінде қателік жіберген болып шықты. Түзетулер енгізілді. Маңғыстау облысы тұрғынына салынған айыппұл жақын күндері алынып тасталады.

Зардап шеккен Бисенғали Ақтанов Ақмола облысының полицейлерін сотқа бермейтінін айтты. Бастысы бұғатталған шотты ашып, ақшамды алсам,-дейді. Өйткені, 2 айдан бері жалақысыз отырғанын айтады.  

А. Төребекқызы