$485.11 €523.82 ₽5.02
×

Тапа-тал түсте шенеунікке неге оқ атылды? Болжам да жоқ...

AstanaTV
27.10.2018ж. 20:00
2426
Тапа-тал түсте шенеунікке неге оқ атылды? Болжам да жоқ...

Түркістан облысы Төлеби ауданы орталығынан он шақырымдай қашықтықтағы Момынай ауылында шенеунікке оқ атылды. Нысанаға алынған осы аудан әкімінің орынбасары. 53 жастағы Рабиға Бейсебаеваны атқан кім? Бұл не, қорқыту ма, қастық қылу ма? Оған не себеп? Шенеунік кімге жақпай қалуы мүмкін? Сұрақ көп. Жауап жоқ.    

Қазір полиция «Адам өлтіруге оқталу» бабымен тергеу жүргізіп жатыр. Бұл іске қатысы бар екі күдікті сол түні-ақ Тараз қаласында бой тасалап жүрген жерінен қамауға алынғаны белгілі.

 Ал дәрігерлер зардап шеккен Бейсебаеваның халі жақсы екенін айтты. Оқ оның бас сүйегін жанай өткен.

Жандар НЫШАНОВ, ЛЕҢГІР ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

Бас сүйектің төбесінде 1,5 см -дей, тері сәл сырылған. Науқастың айтуынша белгісіз азаматтар травматикалық пистолетпен оқ атқан. Оны өзі де жақсы білмейді. Кейіннен барып өзі білген. Келіп түскеннен кейін бірінші медициналық көмек көрсетілді. Жарасы медициналық обработкадан өткізіліп, таңылды. Қазіргі таңда жағдайы қанағаттанарлық.

Рабиға Бейсебаеваның өзі тілшілермен сұхбаттасудан үзілді-кесілді бас тартты. Оқ атылған сәтте шенеуніктің жанында жеке көлік жүргізушісі болғанын айта кетейік. Біздің тілшіміз Айзада Төребекқызымен телефон арқылы тілдескен жігіттің айтуынша, Рабиға Бейсебаева қызметтік көлігімен үйіне түстенуге келген беті екен. Қақпаны ашуға оқталғанда олармен бейтаныс жігіт сәлемдесіпті. Осы сәтте бұларға қарата кенеттен тас лақтырылып, артынша әудем жерде тұрғанның бірі «ат» деген бұйрық беріпті. Бұқпантайлағанмен құлыптаулы есікті ашып ішке кіремін дегенше оқ тиіп үлгерді, -дейді жалғыз куәгер. Оқыс дыбысты көршілер де естіген.

- Үш рет естілді. Біз оны салют атып жатыр ма уже-деп балам күлді. Сөйтсек сондай жағдай болған екен ғой...

Көршісі Қарашаш Оспанованың айтуынша жүргізуші жігіт үйіне көмек сұрап жанұшыра жеткен. Жедел жәрдем мен полиция шақыртқан. Ауыл тұрғындары бұл маңды төрт бес күн бөтен біреулердің торуылдап жүргенін еске алды. Тек сұмдық оқиғаға дейін бөтен ойға берілмеген. Сол күні де таңғы мезгілде бейтаныс көлікті көздері шалыпты. Қарашаш апа Рабиға Бейсебаевамен отыз жылдан бері қоңсы отырады екен. Кезінде екеуі бір жылы келін болып түскен. Пікірі оң.

Қарашаш ОСПАНОВА, МОМЫНАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Көрші ретінде жақсы адам. Бір ауырып қалсаң, немесе бірдеңе болсаң, объязательно отзывчивый, енді ештеңе айта алмаймын, жақсы араласып тұрған ауылдасым ғой.

- Үйінің алдына келіп айқай-шулар, бірнәрселер болып па еді?

- Жоқ. Бала-шағаның бәрі осы жерде ойнайды ғой, ана алаңқайда, ешқандай, тып-тыныш болатын.

Сол күні Рабиға Бейсебаваның үйінде ешкім болмаған. Жолдасы мен балалары Астанада жүрген.

Еркін БЕЙСЕБАЕВ, РАБИҒА БЕЙСЕБАЕВАНЫҢ ЖОЛДАСЫ:

Торуылдап жүрген дейді ғой, дайындалған дейді ғой, білмейміз ғой енді біз енді. Ешкімге жолыққан жоқпыз әлі. Түнде келдік.

- Аға, кім болуы мүмкін?

- Білмейміз ғой соны, білмейміз ғой... Біз былай біреумен ұрсып, таласқан ондай отбасы емеспіз.

- Қанша балаларыңыз ба?

- Екі бала, немерелеріміз осы жерде тұрады. Оларды тағы да хорошо алып келмеген екен. Құдай сақтап қалды ғой, немерелер болмаған жанында, соларға тиіп кетер ме еді...

Рабиға Бейсебаеваның аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарғанына 8 жыл. Соңғы бір жылдан бері ауданның идеологиясына жауапты адам. Жалпы, мемлекеттік қызметте жүргеніне 35 жыл. Әріптестері Бейбаеваға әлдекімдер кектенді деуге қимайды.

Есімхан ҚАДЫРБЕКОВ, ТӨЛЕБИ АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бейсебаева Рабиға Ермекбайқызы аудан әкімінің орынбасарының лауазымына 2010 жылы 26-қарашада тағайындалған. Осы күнге дейін жұмыс атқарып келген. Курировать ететін салалары білім, мәдениет, ішкі саясат және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар саласын курировать етеді. Мен екі жылдан бері қызметтеспін. Өзін өте іскер, ұқыпты және ауданға жаны ашитын азамат ретінде танытқан. Бірге қызметтес болғанбыз.

Дәрігерлер Рабиға Бейсебаеваны кеше үйіне шығармақ болған. Тек әкімнің орынбасары өзін жайсыз сезініп, қан қысымы күрт көтерілгендіктен тағы бірер күн бақылауда ұстайтындарын хабарлады. Осы жағдайдан соң Төлеби ауданының атқамінерлері қызметкерлерінің қауіпсіздігін ойластыратындарын айтты. Тек қалай екенін тарқатпады.