Алматыда әлеуметтік әлжуаз топтар үшін нан құнын субсидиялауға 60 миллион теңге бөлінді. Бұл жөнінде қала әкімі Бауыржан Байбек БАҚ қызметкерлеріне берген баспасөз мәслихатында мәлімдеді. «Аталмыш шешім «Нұр Отан» фракциясының ұсынысы бойынша қабылданды», - дейді шаҺар басшысы.
Бауыржан Байбек, Алматы әкімі:
Мәселен, бір бөлке нан табысы жоғары тұрғындар мен әлеуметтік аз қамтылған топтар үшін бірдей болатын. Бұған дейінгі субсидиялар алынып тасталды. Алматыда бір бөлке құны 62 теңге болды, қазір 67 теңге. Енді әлжуаз топтар үшін қайтадан нан құнын субсидиялаймыз.
Сондай-ақ, мемлекеттік балабақшалар үшін қала қазынасынан 3 миллиард теңге қарастырылған. Енді ата-аналар балабақша қызметі үшін айына 15 мың теңге төлейтін болады. Бұған дейін олар 27 мың төлейтін. Айлық есептік көрсеткіш артқан соң, балабақшадағы бір орын тіпті 38 мыңға жеткен. Бұл ата-аналардың қалтасын қақты. Өйткені мемлекеттік балабақшалар босап жатыр. Осы ретте әкімдік ата-аналарға түсетін ауыртпалықты жеңілдетуді жөн көріпті.
Бауыржан Байбек, Алматы әкімі:
Шамамен 20-21 мың теңге көлемінде үнемдеу болады. Бұл тұрғыда 17 мың бала қамтылады. Менің ойымша, осылайша халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына тиісті қолдау жасалады.
Тағы бір жағымды жаңалық - Алматыда "жол жүру" билеттері қайта іске қосылады. Бұл үшін қала қазынасынан шамамен 2 миллиард теңге қарастырылған. Тек бастаманы жергілікті мәслихат депутаттары қолдауы керек. Айта өтейік, 11 қаңтардан бастап Алматы қаласында қоғамдық көліктерде жол жүру ақысы "Оңай" көлік картасы арқылы іске аса бастады. Салдарынан жол жүру билеттері қысқартылған еді.
Бауыржан Байбек, Алматы әкімі:
Қоғамдық көлік тасымалы бойынша халықтың пікірі ескеріліп, мәслихат депутаттары қолдаса, жол жүру билеттері қайта іске қосылады. Атап айтсақ, зейнеткерлер мен көп балалы аналарға айлық жол жүру билеті 2 мың теңгеден сатылады. Студенттерге - 3, мектеп оқушыларына мың теңгеден. Жеті жасқа дейінгі балалар мен бірінші және екінші топтағы мүгедектер, соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілгендер тегін жүреді.
Ләйлә
ҚАЗИАҚПАРОВА