$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Маңғыстау облысының әкімі Қазақстанда өндірілетін газдың бағасын теңгемен белгілеуді ұсынды

AstanaTV
02.02.2016ж. 20:00
1396
Маңғыстау облысының әкімі Қазақстанда өндірілетін газдың бағасын теңгемен белгілеуді ұсынды

Қазақстанда өндірілетін газдың бағасы тек теңгемен есептелуі тиіс. Әйтпесе көк қағазға тәуелділік тариф бағасын қымбаттатып отыр. Бүгін Астанада есеп берген Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев осындай мәлімдеме жасады. Мұнайлы өлке басшысы, соның кесірінен коммуналдық ақыны да реттей алмай отырғанын айтты.

Алик Айдарбаев, Маңғыстау облысының әкімі:

Қазақстандық қос компания - «Теңізшевройл» мен «ҚазТрансГаз аймақ» арасындағы келісімшарт неге доллармен жасалған? Валюта бағамы өзгерсе бітті, газдың да ақысы қымбаттап шыға келеді. Артынша су, жылу, жарық бағасы да бірден өседі. Мен өзімізде өндірілген мұнай мен газдың бағасы тек теңгемен жүргізілуі керек деп есептеймін.

Облыс әкімі 4-ші мұнай өңдеу зауыты Маңғыстауда салынғанын қалап отыр. Тіпті оған Қытай компаниялары ақша салуға да әзір көрінеді. Нарықтағы қара алтын құнының құлдырауы биыл аймақтағы жұмыссыздар санын арттыруы мүмкін. Дегенмен, әкім қандай жағдай болмасын, мұнай-газ өндірісінің көлемін сақтауға тырысатынын айтты. Маңғыстау басшысы дағдарысқа мейлінше төтеп берер арнайы бағдарлама дайындап та отыр екен. Әкімдік тіпті Тони Блэрдің консалтингтік компаниясына жүгініп, арнайы менеджерлік дәрістер алыпты.

Шолпан Илмұханбетова, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:

Осы әріптестіктің арқасында былтыр, мысалы, инвесторларды тарту көрсеткіші 20 пайызға артты. Олар біздің облысты қалай экономикалық тұрғыдан қызықтыруға болатынын үйретті. Нәтижесінде 2014 жылдан бері 450-ге жуық жоба қолға алынды. Бұл шамамен 120 млрд теңге инвестициялық табыс әкелді.

Құралай ПИОНЕР