Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Елу екі адамның өмірін жалмаған автобус жүргізушілері 5 жылға сотталуы мүмкін

AstanaTV
30.10.2018ж. 20:00
2512
Елу екі адамның өмірін жалмаған автобус жүргізушілері 5 жылға сотталуы мүмкін

Ақтөбеде 52 өзбек азаматы өртеніп кеткен қайғылы оқиғаға қатысты сот отырысы аяқталуға жақын. Бүгін прокурор осы іс бойынша айыпталып отырған 5 адамды 5 жылдан 7 жылға дейін соттауды ұсынды. Сот отырысына қатысқан Бақыт Рахметова тарқатады.  

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ: 

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бүгін жарыссөз өтті. Прокурор халықаралық рейске шыққан автобустың қақаған қыста қажетті жанармай қолданбағанын, көліктің текникалық тексеруден өтпегенін, тіпті құжаттарының олқылықтары бар екенін тізіп айтты. Сондықтан, айыпталып отырған 3 жүргізушіні бас бостандықтарынан айыру қажет деді.

Осман ОРЫНБАСАРҰЛЫ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ №2 БАСҚАРМА ПРОКУРОРЫ: 

Пернебеков Мақсат, Қырғызбаев Нұржан және Барат Таңатовты 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жолаушыларды тасымалдау саласында қызмет атқару құқынан және жеті жылға көлік жүргізу құқынан айыруды сұраймын.

Ал, автобустың қожайыны, яғни «Азия транзит сервис» компаниясының құрылтайшы мен механигін 7 жылға соттап, сот залынан қамауға алуды сұрады. Дегенмен, айыпталушылардың барлығы кінәларын мойындамай отыр. Ал сотталушы Барат Танатовтың анасы ұлы әу баста автобусқа жолаушы ретінде отырғанын айтады. Сондықтан, жазасы жеңілдесе деп отыр.  

Гүлмира ТАҢАТОВА, АЙЫПТАЛУШЫНЫҢ АНАСЫ: 

Неге ана екі өзбекті әкеліп соттамайды. Осылар құсап, неге сотталмайды олар. Мысалға менің жеті немеремнің бағып отырған несі, екі қызы колледжде ақылы оқиды. Бесеуі мектепте. 9 айдан бері қиналып отыр олар.

Бұған дейін жүргізушілер автобуста өзбек азаматтары арасында жанжал болып, жағылған лампаны солардың бірі теуіп жібергенін айтқан еді. Қайғылы жағдай 18-ші қаңтарда Ырғыз ауданы Қалыбай елдімекені маңында болды. Ресейге нәпақа іздеп шыққан 52 өзбек азаматы тірідей өртеніп кетті. Ажалдан 3 жүргізуші мен 2 өзбек азаматы аман қалды. Көлік тізгіндегендер сол бойда қамауға алынды. Автобус қожайыны мен механик қолхатпен бостандықта. Ал, қаза тапқандардың туыстары әрбір өлген адам үшін 150 миллион теңге моральдық өтемақы сұрап отыр.  

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ: 

Мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың барлығының кәмелеттік жасқа жетпеген балаларының бар екендігін және барлығының бұрын-соңды сотты болмағанын алға тартты. Сондықтан болар бесеуіне де 5-7 жыл аралығында бас бостандығынан айырып, қоныс колониясына жіберуді сұрады.

Б. Рахметова