«Нұр Отан» партиясы мүшелерінің санына емес, сапасына көңіл бөледі. Бұл туралы партия хатшысы Қаныбек Жұмашев Батыс Қазақстан облыстық филиалының кезекті 22-ші есеп беру-сайлау конференциясында мәлімдеді. Хатшының сөзінше, нұротандықтардың қатарында түрлі сала өкілдері бар. Мұғалімдер мен дәрігерлер, шағын және орта бизнес өкілдерін атап өтуге болады. Бүгінде өңірде 34 мыңнан астам партия мүшесі болса, бастауыш партия ұйымдарының саны көбейіп, 275-ке жеткен.
Қаныбек ЖҰМАШЕВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
Партия мүшелерінің саны қазір 1 миллион 7 мыңнан асты. Біз санға емес, сапаға көп көңіл бөлеміз. Мысалы, партияның біз құрылымдық жағына көп мән береміз. Теріс пікір бар, партияда мемлекеттік қызметшілер көп деген. Шын мәнісінде мемлекеттік қызметшілердің пайыздық үлесі-5 пайыз. Біз әртүрлі саланы қамтыған, халықтың барлық санаттарын қамтыған партиямыз.
Партияның Павлодар облыстық филиалына өңірдегі мектеп асханаларының жұмысын бақылауды күшейту жүктелді. Бұл туралы аймаққа келген партия хатшысы Илья Теренченко айтты. Осылайша, тағам сапасын көтеріп, бұл саланы бір жүйеге келтіру көзделген. Оқушылардың ас мәзірі күн тәртібінен түскен емес. Өйткені, баланың құнарлы әрі пайдалы тағаммен тамақтануы маңызды. Сондықтан, партияның бұл бастамасы халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған белді жобаның бірі болмақ.
Илья ТЕРЕНЧЕНКО, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:
Біз бұл жерде белгілі бір тамақ комбинатының мүддесін қолдамаймыз. Заң аясында жеңіске жеткен кез келген мердігермен жұмыс істейтін боламыз. Бақылау жұмысына тамақтану саланың кәсіби маманын, бәлкім дәрігерді, тіпті диетолог маман мен үкіметтік емес ұйым өкілін де шақыруымыз мүмкін. Осылайша, мектеп асханасындағы тамақ сапасын арттыруға жұмыла күш саламыз.
Е. Карин