Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Түркістан облысындағы сан салада сыбайластық әрекеттері көбейген

AstanaTV
02.11.2018ж. 20:00
1781
Түркістан облысындағы сан салада сыбайластық әрекеттері көбейген

Бүгін «Нұр Отан» партиясы жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Онда Түркістан облысында орын алған сыбайластық әрекеттері жөнінде айтылды. Аймақта 9 айда атқарылған жұмыстарға талдау жүргізген партия мүшелері бірқатар деректерді анықтаған. Сапар Ахметовтың айтуынша, Түркістанда парақорлыққа жол берілген салалар саны артқан. Жемқорлық әсіресе білім, денсаулық, ауылшаруашылығы мен жер қатынастары саласында белең алып тұр.  

Сапар АХМЕТОВ, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ЖӨНІНДЕГІ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ:  

Біз келтірген фактілер бұл жай ғана сандар емес. Бұл жұмыстың дұрыс жүргізілмеуінен. Ең қорқыныштысы, бұл фактілер облыстағы қоғамды таңғалдырып та жатқан жоқ. Ешкім бұған наразылық танытпаған. Мен Түркістандағы жемқорлықтың басым көпшілігі қайда және не үшін болып жатқанын жақсылап анықтап, талдауды ұсынамын. Аймақтағы білім саласы жемқорлық жайлаған салаға айналған. Гранттарды сату, кадр мәселесі, балабақшаға орналастыру әлі де парақорлықтың астында жатыр.

Ал, аймақтың әкімі Жансейіт Түймебаев: «Парақорлықтан арылу үшін әр саланы цифрландыруға басымдық беріп келеміз»,- дейді. Кадр мәселесін де сандық жүйеге жүргізіп, жемқорлық деңгейін төмендетпек.  

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Өткен жылдармен салыстырғанда жұмысты жүргізіп жатырмыз. Алайда, мен бұл жұмыста қателік, оған жол берушілік бар екенін мойындаймын. Жүйелік қателіктер көп. Бұрыннан қалыптасқан жүйеден туындап жатыр. Ұзақ жылдар бойы оған жол беріліп келгені рас. Бұл бағытта біз жұмыс істейміз.

А. Бектас