$531.96 €622.45 ₽6.79
×

Оралдықтар сайлауға белсене қатысты

AstanaTV
20.03.2016ж. 20:00
1706
Оралдықтар сайлауға белсене қатысты

Сайлауға оралдықтар да белсене қатысты. Сайлау учаскелері алдында студенттер ұзын-сонар кезекке тұрып, дауыс беруге асықса, ұлттық-мәдени орталықтардың белсенділері бүгінгі шараны мерекеге айналдырып жіберді. Өнер мерекесіне айналған Оралдағы саяси науқан туралы тілшіміздің бейнематериалында.

Оралдағы сайлау учаскелерінің алды мерекеге айналған. Жергілікті ұлттық-мәдени орталықтар сайлаушыларға арнап, өз өнерін көрсетуде.

Нәжия Тухфутдинова, Орал қаласының тұрғыны:

Адамдар қуанып жатыр, бәрі келіп жатыр. Дауысын бергесін, бізді тыңдауға келеді.

Облыстық сайлау комиссиясының дерегінше, өңірдегі сайлаушылардың үштен бірі - жастар. Ал мәслихат сайлауында бағын сынаған 580 кандидаттың 22 пайызын жастар құрап отыр.

Алмас  Ғабдешев, сайлаушы:

Әрбір Қазақстан азаматын елдегі саяси жағдай алаңдатуы керек. Мен бүгін таңсәріден тұрып, өз даусымды беріп, өз таңдауымды жасадым.

Облыс көлемінде ашылған 520 сайлау учаскесі 430 875 сайлаушыға қызмет көрсетуде. Саяси науқанның барысын 50-ден астам халықаралық байқаушы назарға алған.

Ғайса Қапақов, БҚО сайлау комиссиясының төрағасы:

Барлығы 3 мыңға жақын бақылаушы 520 учаскеде бар. Қазіргі кезде осы кезге шейін бірде-бір заңбұзушылық, арыз-шағымдар бізге келіп түскен жоқ.

Наталья Гожая, халықаралық байқаушы:

Жастардың белсенділігі керемет. Таңғы сағат жетіден бастап, демалыс екендігіне қарамастан, дауыс берген жастар өте көп. Бұл олардың ел болашағына бей-жай қарамайтынын көрсетеді. 

Еркін Карин, тілші:

Қазір еліміздің көптеген өңірлерінде дауыс беру тоқтатылды. Дегенмен, арадағы уақыт айырмашылығына байланысты, батыс облыстарда, сол сияқты бізде де, дауыс беру әлі бір сағат жалғасады. Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат сегізде жабылып, содан кейін сайлау бюллетеньдерін санау жұмыстары басталмақ.

Еркін КАРИН