Қытай АҚШ-пен келіссөз жүргізуге дайын. Сингапурдағы «Жаңа экономикалық форумда» Қытай Халық Республикасының вице-президенті Ван Цишань осылай деп мәлімдеді. Қыркүйектен бері АҚШ Қытай тауарларына 10 пайыздық баж салығын енгізді. Бұл жалпы құны 200 миллиард доллар болатын тауарға әсер етті. Қытай да қарап қалмай, Америкадан импортталатын өнімдерге салықты 5-тен 10 пайызға өсірген. Сөйтіп, қымбатшылық 60 миллиард доллардың тауарын шарпыды. Бұған дейін Трамп Қытайға 267 миллиард доллар көлемінде қосымша санкциялар енгізген. Енді әлем назары екі ел басшыларының кездесуіне ауып отыр. Ол осы айдың аяғында Буэнос-Айресте өтетін G-20 саммитінде болады деп жоспарланған.
Ван ЦИШАНЬ, ҚХР ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Сауда-саттық мен экономика екіжақты қарым-қатынастардың негізгі бөлшегі. Қытай тарапы жаңадан пайда болған сауда-саттық қайшылықтарын талқылап, олардың шешуге дайын. Екі ел де орнықты ынтымақтастықтан пайда табады деп ойлаймын. Алайда, сауда-саттық қайшылықтары болған жағдайда екі елдің де зардап шегетінін ескерген жөн.
А. Бектас