Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Ақтөбеде жедел жәрдем жеткенше жан тапсырған 7 жасар қыздың анасы дәрігерлерге кінә артты

AstanaTV
07.11.2018ж. 20:00
4187
Ақтөбеде жедел жәрдем жеткенше жан тапсырған 7 жасар қыздың анасы дәрігерлерге кінә артты

Ақтөбеде жедел жәрдем жеткенше жеті жасар қыз жан тапсырды. Анасы дәрігерлерді бір сағатқа жуық күткендерін айтып отыр. Қайғылы оқиғаға қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметтік тексеру бастап кетті. Бірнеше адам жұмысынан шеттетілді. Мән-жайды Бақыт Рахметова біліп қайтты. 

Қапыда 7 жасар Інжуінен айрылып қалған анасы, жедел жәрдем уақытында келсе жағдай басқаша болар ма еді,-дейді. Баланың денсаулығында бұрын кінәрат болмағанын айтты. Сол күні де ойнақтап жүрген. Бірақ, түске таман анасына басы ауырып тұрғанын айтыпты. Кейін ыстығы көтеріледі. Дереу жедел жәрдем шақырғанмен, көмек жетпей қойды.  

Динара БАЙМАҒАМБЕТОВА: 

Баланың температурасы көтеріліп бара жатыр. Кішкентай ұлым больницада жатыр. Мен қорқам, қорқам деп қайта, қайта звондадым. Күтіңіз. Енді не істейміз? Машина жоқ. Күтіңіз деп қайта-қайта.

Мына видеоны өткен сенбіде көршілері түсіріпті. Дәрігерлер кешіккен соң, анасы баланы киіндіріп, көршілердің көмегімен өзі апармақ болған. Бірақ, қыз бала кіреберісте талып қалады. Кеш жеткен дәрігерлер қазаны тіркеп, «Механикалық асфиксия» деп диагноз қойған.  

Қара жамылған отбасы жеті жыл бұрын Айгерім есімді бес жастағы қызынан да тап осылай айырылып қалыпты. Ол кезде дене қызуы көтерілген соң, дәрігер шақырған. Алайда, тағы да жедел жәрдем жетпей, балғын көз жұмған. Енді екінші перзентінен айырылып жүрегі қан жылап отырған ана дәрігерлердің үстінен полицияға шағымданды. 

Светлана ЕСЕНАМАНОВА, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Дәрігер жағынан диантология этикасы бұзылу өте айқын. Ал, диспенчер жақтан дұрыс жазылмаған себебінен вызов бөтен категорияға кетіп отыр. Өз уақытында бригадаға поручение бермеген.

Шенуніктер көмектің 49 минутқа кеш келгенін мойындап отыр. Оған адами фактор себеп болған. Қайғылы оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылып, мән-жайды тексеріп жатыр. 

Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: 

Бұл оқиғаға қатысты ешкімді табалаудың қажеті жоқ. Әуелі мән-жайды анықтап алайық. Егер, оқиғаға әлде кімнің кінәсі болса, біз міндетті түрде барлығына айтамыз. Тиісті шара қолданамыз.

Бақыт РАХМЕТОВА, ТІЛШІ: 

Қоңырауды қабылдаған диспетчер мен шақыруға келген дәрігер бүгін қызметінен қуылды. Жедел-жәрдем бекеті басшылығына қатысты мәселе де қаралып жатыр. Мұндай жағдай Ақтөбеде бірінші рет болып отырған жоқ. Сәуір айында он жастағы қыз баланың сабақ үстінде жүрегі ұстап, жедел жәрдем жеткенше оқушы о дүниелік болып кеткен.

Б.Рахметова