Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Түркістан облысында мыңға тарта оқушы автобусқа сыймай, көшеде тұр

AstanaTV
07.11.2018ж. 20:00
4951
Түркістан облысында мыңға тарта оқушы автобусқа сыймай, көшеде тұр

Түркістан облысында бүтін бір ауылдың оқушылары, көрші ауылдың мектептеріне барып білім алуға мәжбүр. Сайрам ауданындағы Жібек жолы ауылының мектебінде қыс таяғанда күрделі жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Әріптесім Айзада Төребекқызы мәселені анықтап көрді.   

Түске таман Жібек жолы ауылындағы мектеп маңындағы көрініс осы. Тұрғындар 25-қазаннан бері ығы-жығы болып жатқандарын айтты. Мектепте күрделі жөндеу басталған. Сондықтан, мыңға жуық оқушыны көршілес үш ауылға автобуспен тасымалдап жүр.  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:  

Дәл қазір мұнда жиналып тұрған екінші ауысымның оқушылары. Балалар қарашаның қара суығына қарамастан сыртта автобусты сағаттап тосуға мәжбүр. Өйткені мектепке бөлінген көлік саны небәрі бесеу-ақ екен.

Фарида ХАЛБАЕВА:  

Екі күн болды сабаққа жібермей жатырмын қызымды. Ауырып қалып жатыр. Балалар сағаттап көшеде тұрып қалады. Ертең жаңбыр жауады, қар жауады.

Оған қоса ата-аналар мектепке бөлінген автобустардың сапасы нашар дейді.   

Халида ЗАИТОВА:  

Менің көңілім толмай жатқаны автобустар дұрыс қойылмаған. Балалар бәрі қысылып барады. Қысылып келеді. 120 баланы бір автобусқа тығуға болады ма?. Ескі автобустар. Сынып қалады.

Айгүл ІЗДІБАЕВА:  

Екінші күні есіткенімде автобустың тормозы ма сондайы отказ беріп, зорға тоқтатқан екен автобусты. Балаларды түсіріп, автобусты жөндеп, сөйтіп мектепке кешігіп барған екен.

Ауыл азаматтары мектеп басшысынан мәселені шешуді сұраған. Бұл қиындық екінші тоқсанда шешіледі деп уәде де алған. Алайда, кешелі бері қосылғаны бір-ақ автобус деп отыр. Мектеп директорының өз айтары бар.  

Болаттемір АЛТАЕВ, БӨКЕЙХАН АТЫНДАҒЫ ЖАЛПЫ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: 

Бұлардың талабы бойынша барлығы отырып бару керек дейді. Ол дұрыс шығар.. Енді ол үшін 32 автобус керек. 32-ні санаңыз, 30 орыннан болғанда 920 бала кетеді ғой, енді 32 автобусқа сіз есептеңіз, білім бөлімінің ақшасы жетпейді- ау дейм. Оған 52-60 млн теңгесі кетеді.

Бұл мектеп Бөкейхан атындағы аудандағы үш тілде білім беретін жалғыз білім ошағы. 1971 жылы пайдалануға берілген ғимарат содан бері жаңартылмаған. Күрделі жөндеу жұмыстары 25-қазаннан басталыпты. Алайда, тендерге тәуелділіктен маусым айында жоспарланған жұмыс енді ғана қолға алынған.  

Асан БАБАШЕВ, САЙРАМ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

Бес автобусқа 5 млн 130 мың теңге бөлінген. Қазіргі балалардың отырғанына қарайтын болсақ барлық балалар отырып мектепке автобустарда көрдіңіздер бара жатқанын. Егер, қазіргі таңда анықталып, балалар симай жататын болса онда ауданнан тағы да автобусқа қаражат бөлуге жолдарын қарастырамыз.

Салаға жауаптылар мұның бәрі уақытша қиындық екенін алға тартады. Мектепте жөндеу жұмыстары 1-желтоқсанда аяқталатынына сенімді.  

А. Төребекқызы