Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қызылордадағы екі қабатты үйлер кәріз қалдықтарына батқан

AstanaTV
08.11.2018ж. 20:00
3630
Қызылордадағы екі қабатты үйлер кәріз қалдықтарына батқан

Қызылордада 150 пәтерлі үйдің жертөлесі кәріз суына толып кеткен. Ешнияз Сал көшесіндегі екі қабатты үй осыдан 50 жыл бұрын салынған. Қазір баспананың іргетастары езіліп, қабырғада жарықтар пайда болды. Екі қабатты ескі үйдің тұрғындары осындай жағдайда 4 жылдан бері тұрып жатыр. Проблеманы шешуге ешкім құлықсыз дейді. Шарипа Сақтапова салы суға кеткен тұрғындармен тілдесіп қайтты.  

Үйдің жертөлесі аузы-мұрнынан шығып жатыр. Жағымсыз иіс қолқаны қабады. Тұрғындардың айтуынша маңайдағы он шақты үйдің жертөлесі осындай. Қаладағы кәріз суы осы жерге ағып келеді. Жазда терезе ашу мүмкін емес. Қыста кіреберіс көк мұзға айналады. Талай адам құлап, аяқ-қолын сындырып алған.  

Элмира ТЕЛЕМІСОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Біздің дом төменде тұр. Бүкіл үлкен трассадағы канализациялардың суы біздің үйге келіп құйылады. Біздің домның асты суға толып тұр ғой 3-4 жылдан бері подвалдың астындағы кірпіштердің барлығы езіліп жатыр, лестница құлап жатыр, бірінші этажда тұру мүмкіншілік жоқ. Қыста мұз болған сол канализацияның суынан мен өзім сол мұзға құлап, аяғым сынып, алты ай жатқанмын үйде жұмыссыз болып...

Анар БОТПАЕВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Қандала деген шығып жатыр, балдарым ауру болып жатыр, инвалид балам бар үйде. Подвал суға толып, үйім сасып жатыр, отыра алмаймын. Үйге келген адам кіре алмайды, қонақта шақыра алмаймыз үйіме.

Мұнда кәріз жүйесі әбден тозған. Шұрық-тесік. Содан нәжіс араласқан, қалдық су сыртқа төгіледі. Ал, жауапты мекеме өкілдері 4 жыл шешілмеген мәселе, үш аптада шешіледі деп сұқбат берді.    

  Тілеуберген ҚАНЫБЕТОВ, «ҚЫЗЫЛОРДА СУ ЖҮЙЕСІ» МКК БАСШЫСЫ:  

Біз қазір жаңадан кәріз жүйесін тартып жатырмыз. 25 күн ішінде біту керек. Сол кезде мұндай проблемалар болмайды деп ойлаймыз.

Құбырларды ауыстыруға «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен шамамен 157 миллион тенге бөлінген. Бұл қаражатқа 1 жарым шақырым құбыр ауыстыру көзделіп отыр. Жалпы, бұл көне үйлерде ПИК атымен жоқ. Баспанаға 150 пәтердің тұрғындардың өздері жауапты. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшылығы болса, бұл аудандағы үйлердің терможаңғырту бағдарламасына қатыса алатынын айтты. Алайда, іргетасы іріген үйді жамап-жасқау мәселені шеше ала ма?  

Ш. Сақтапова