$498.34 €519.72 ₽4.85
×

«Орал-Тасқала-РФ шекарасы» бағытындағы күре жол желтоқсанда салынып бітеді

AstanaTV
08.11.2018ж. 20:00
3627
«Орал-Тасқала-РФ шекарасы» бағытындағы күре жол желтоқсанда салынып бітеді

Қазақстан мен Ресейді жалғайтын «Орал-Тасқала-Ресей Федерациясы» бағытындағы күре жол алдағы желтоқсан айында пайдалануға беріледі. 136 шақырымға созылған жолдың қазір қазақ-ресей шекарасындағы бөліігнде құрылыс қарқын алған. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының жанындағы «Көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту» комиссиясы салынған жолдың сапасына оң баға берді. Олардың сөзінше, жол бұрынғысынан біраз биіктетілген. Асфальт аптап ыстық пен үскірік аязға төзімді. Ал, жолдың ені 9 метрге дейін ұлғайтылыпты. Айта кетелік, 1970-жылы салынған жол содан бері бірде-бір рет жөндеп көрмеген.   

Аветик АМИРХАНЯН, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ БҚО ФИЛИАЛЫ ФРАКЦИЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ КОМИССИЯНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 

Жасыратыны жоқ, жол құрылысының уақытынан кешіккен, құрылыс материалдарынан тапшылық көрген кездері болды. Бірақ, мердігер бұл олқылықтардың бәрін түзеді. Бұл жермен жүк көліктері көп өтеді. Солардың салмағымен төселген асфальттың бүлінген жерлері бар-жоғын мұқият тексердік. Бәрі ойдағыдай. Шекараға бұрынғыдай үш-төрт сағатта емес, жарты сағатта жетуге болады.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, республикалық маңызға ие жол құрылысы үш жыл бұрын басталған болатын. Екі елдің арасындағы күре жолды салуға «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қордан 23 миллиард теңге бөлінген.   

Николай КОНДОПУЛО, МЕРДІГЕР МЕКЕМЕ ӨКІЛІ: 

Қазір жол белгілері мен жарық бағандарын орнатып жатырмыз. Шекарадан өткізу бекеті бұрынғыдай екі жолақты емес, сегіз жолақты болады. Бұрынғыдай кептеліс енді ешқашан болмайды. Шекарашылардың тексеру-бақылау бекеті де заман талабына сай қып салынады.

Е. Карин