Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Қарызға батқан «Хантау» жұмысшылары әлі күнге жалақысыз

AstanaTV
08.11.2018ж. 20:00
2216
Қарызға батқан «Хантау» жұмысшылары әлі күнге жалақысыз

«Хантау» цемент зауытының жұмысшылары әлі жалақысыз отыр. Кәсіпорын оларға 50 миллион теңге қарыз. Ал, мекеменің жалпы қарызы 500 миллионнан асып түскен. Аймақ басшысы Асқар Мырхазметов осылай деді. Зауыт «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы бойынша 2014 жылы Мойынқұмда бой көтерген. Жоба құны 5 млрд теңге. Онда қазір жұмыс тоқтап тұр. Яғни, банкрот болудың аз-ақ алдында. Жұмысшылар ақысыз демалысқа жіберілді. Мырзахметов, өндіріс ошағынның «Жолы болмағанын» жасырмады.  

Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Мұның себебі, зауыт бәсекелестікке бейім емес еді. Сондай-ақ, сату нарығында тауары өтпеді. Өйткені, бізде тағы жылына 1,5 млн тонна цемент шығаратын зауыты бар. Ал, «Хантау»-дың өндіру көлемі бар болғаны 500 мың тоннаны құрайды. Біз инвесторлар тауып, зауытты қайта жандандыруға тырыстық. Бұл жұмыстар еліміздің Инвестициялық қоры арқылы жүзеге асырылады. Әкімдік қарызға қатысты Мемлекеттік Кірістер департаментімен бірге жұмыс істеп жатыр. Мәселені заңды түрде шешу үшін сотқа дайындық үстіндеміз.

Сондай ақ, әкім «Тараз» футбол клубына қатысты жауап берді. Облыс бюджеті футболшылар алатын жоғары жалақыны көтере алмайды дейді. Премьер-лигада қала намысын қорғап жүрген «Тараз» ойыншылары 3 айдан бері жалқысыз отыр. Мырзахметов қарызға батқан клуб жағдайы жыл соңына дейін реттеледі,-деді. 

Асқар МЫРЗАХМЕТОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

Қарыздың болған себебі-Жамбыл облысының бюджеті басқа өңірлерге қарағанда ондай көтеріңкі жалақыларды көтере бермейді. Өйткені, қаншама шешілмеген әлеуметтік мәселелер бар, футболдан бөлек. Жылдың аяғында бюджетті нақтылаған кезде, мүмкіншілік болатын болса, қарыздарының бәрін жабамыз деп шешім қабылданды. Бюджеттік комиссияның шешіміне сәйкес, қараша айы нақтылануда. Қарыздары толығымен төленетін болады.

Д. Әлімқұл