Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Қазақстан мен Ресей бірлесе ғарыштық туризмді дамытпақ

AstanaTV
08.11.2018ж. 20:00
3236
Қазақстан мен Ресей бірлесе ғарыштық туризмді дамытпақ

Қазақстан мен Ресей бірлесіп, ғарыштық туризимді дамытпақ. Әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан ғарыш айлақтарына жыл сайын бір миллионнан астам турист барады. Байқоңыр барда, сұраныс та болады. Бұл жайында ХV өңіраралық форумын аясында өткен туристік көрмеде айтылды. Оны Абзал Құрманкин тамашалап қайтты. 

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

XV өңіраралық форумда туризмді дамыту талқыға түседі. Бұл бағыттың әлеуеті жылдан жылға артып келеді. Екі күнге ұласатын форум бүгін көрмеден басталды. Өңірлерден ат артып келген өкілдер ерекшеліктерімен туристерді баурап алуға барын салды. Бірі тұмса табиғатын таныстырса, енді бірі салт-дәстүрін паш етті.

Жеті мың шақырымға созылған ортақ шекарада Ресейдің 11 және Қазақстанның 7 аймағы шектеседі. Солардың бірі Омбылық делегация. Полиэтиленнен үлкен шатыр құрған. Қазір әлемдегі туристер жабайы табиғатқа саяхат жасауды ұнатады, дейді. Бұдан бөлек, омбылықтар білім беру және медициналық туризмді дамытуды жолға қойған.  

Анна СТАТВА, РФ ОМБЫ ОБЛЫСЫ МӘДЕНИЕТ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Омбыдағы әрбір жетінші студент-Қазақстан азаматы. Олар бакалавриат пен магистратурада білім алып жатыр. Сондай-ақ, мединицалық туризм жақсы дамуда. Қазақстаннан емделушілер көптеп келеді. Бұл әріптестікті әрімен қарай дамыту көзделіп отыр.

Қызылжар да туристерді тартуға мүдделі. Қалың орман мен мөлдір көлдерге бай Шалқар-Имантау аумағы Қазақстан ең үздік деп таныған 10 туристік мекеннің тізіміне кірген. Қазір оны жүйелі түрде дамыту қолға алыныпты. Шалқар-Имантаудың жобасын дайындау жұмысы шетелдік компанияға тапсырылды. 

Құралай ЖАРОВА, СҚО КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 

Былтыр біздің облыста 120 мыңнан астам турист демалған. Биыл олардың саны өседі деп күтілуде. Осы жылы Шалқар Имантау жерінің жолдарын жөндеуге 3 миллиард теңге бөлінген. Жүз шақырымнан астам асфальт төселді. Ендігі жылы мемлекеттік бағдарламаның аясында бұл аумақтың инфрақұрылымына қаражат бөлінбек.

Биыл Ресейден Қазақстанға 1 миллион 700 мыңнан астам саяхатшы келген. Бүгінде екі елдің арасында «Үлкен Алтай» мен «Каспийдегі круиз» туристік жобалары сәтті жүзеге асуда. Теңіздегі саяхатты одан әрі дамыту үшін қазір екі круиздік лайнердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Тараптар енді ғарыштық туризмді дамыту керегін айтады. 

Олег САФОНОВ, РФ ТУРИЗМ БОЙЫНША ФЕДЕРАЛЬДІ АГЕНТТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: 

Бүгінде әлемде жыл сайын түрлі космодромдарға бір миллионнан астам адам барады. Туризмнің бұл түрін неге Байқоңырда ашпасқа? Ең бірінші ғарышкердің дәл Байқоңырдан ұшқанын ұмытпауымыз керек. Бұл ғарыш айлағына келушілердің саны көп болатынына күмән жоқ. Сондықтан, қос ел бұл жобаны қолға алуы тиіс.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Ертең өтетін форум аясында Қазақстан мен Ресей Президенттері кездеседі деп жоспарланған. Алқалы жиында туризмді дамыту ғана емес, өзге салаларды қамтитын мәселелер де қаузалмақ.

А.Құрманкин