Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қазақстан мен Ресей арасындағы шекарадан өту жұмысы жеңілдемек

AstanaTV
09.11.2018ж. 20:00
4183
Қазақстан мен Ресей арасындағы шекарадан өту жұмысы жеңілдемек

Қазақстан мен Ресей арасында барыс-келіс барынша жеңілдейді. Бүгін Қызылжарда өткен XV аймақаралық ынтымақтастық форумында осы мәселе сөз болды. Көрші елдер арасында жыл сайын 6 миллионнан астам адам қатынайды. Ал. туризимді дамыту үшін кеден бекеттеріндегі кедергілерді жою керек. Абзал Құрманкин халықаралық форумға қатысып, тың деректерді түртіп алды.  

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Туризм саласының әлемдік экономикадағы үлесі 10 пайызды құрап отыр. Әлемдік экспорт көлемі 1,6 триллион доллардан асқан. Қарқынды дамып жатқан саладан Қазақстан мен Ресей де шет қалмауы тиіс. XV аймақаралық ынтымақтастық форумында бас қосқан екі ел басшылары осыны пысықтады.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Біріккен ұлттар ұйымының болжамы бойынша. 2030 жылға қарай әлемнің 1,8 миллиардқа жуық адамы тарихи ескерткіштерге және сұранысқа ие курорттық орындар мен қалаларға саяхат жасайды. Қазақстан мен Ресей де бұл саланы жолға қою керек. Туризм даму үшін қос елдің туристері шекара бекетінен кедергісіз өтуі тиіс. Сондай-ақ, Каспий теңізі мен ғарыштық туризмнің әлеуетін пайдалану керек.

Ресей тарапы да туризимді дамыту үшін қоян-қолтық жұмыс істеуді қолдап отыр. Бүгінде көрші елдер арасында «Үлкен Алтай» атты ортақ жоба жемісті жүзеге асып жатыр.  

Владимир ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: 

Петропавл қаласын Қазақстан мен Ресейдің арасында бірнеше ғасырға ұласқан достықтың нәтижесі деуге болады. Қос елдің халқы ортақ тарихқа бай. Сондықтан, тұрғындар қос мемлекеттің тарихын терең зерттеу үшін, әдет-ғұрпымен танысу үшін туристік бағыттарды құру керек. Екі елдің арасында жыл сайын 6 миллионнан астам адам қатынайды. Бұл көрсеткішті ұлғайту қажет.

Қазақстан тарапы Байқоңыр айлағында ғарыштық туризмді дамытуды ұсынды. Сондай-ақ, круиздік туризм жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Каспий теңізімен жүзетін екі лайнер Әзірбайжан, Иран, Ресей мен Қазақстанның ірі порттарын араламақ. Кемелердің құрылысы ресейлік Астрахань және Нижегород облыстарына тапсырылған.   

Сергей МОРОЗОВ, РФ АСТРАХАНЬ ОБЛЫСЫ ГУБЕРНАТОРЫНЫҢ УАҚЫТША МІНДЕТІН АТҚАРУШЫСЫ: 

Астрахань облысында 300 орынға шақталған круиздік лайнердің құрылысы жүріп жатыр. Олар 2020 жылы дайын болады. Каспий теңізінің жағасындағы елдердің келісімі бар. Жоба сәтті жүзеге асады деген пікірдеміз.

Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ: 

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойды. Бұдан бөлек, өкілдер ғарыш, туризм, экономика және тағы басқа салаларға қатысты келісім-шарт жасасты. Сөйтіп, тың бастамалардың арқасында жақын арада шекаралас аймақтардың бір-бірімен қарым-қатынасы жеңілдей түспек. Айта кету керек, келесі өңіраралық ынтымақтастық форумы 2019 жылы Ресейдің Омбы қаласында өтеді деп жоспарланған.

А. Құрманкин