Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Астанада Еуразиялық экономикалық одақ бестігінің жоғарғы кеңесі өтті

AstanaTV
31.05.2016ж. 20:00
1890
Астанада Еуразиялық экономикалық одақ бестігінің жоғарғы кеңесі өтті

Еуразиялық экономикалық одақ нарығы Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті жалғайтын көпір болуы тиіс. Астанада бес ел басшысының қатысуымен өткен Жоғарғы экономикалық кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Ұйымға мүше елдер өзара энергетикалық, дәрі-дәрмек нарығын құруды көздейді. Жиында жетістікпен қатар, одақтың олқы тұстары да айтылды. Азамат Алдоңғаров баяндайды.

Еуразиялық экономикалық одақ Еуропа мен Азияның арасындағы экономикалық көпір болмақ. Ол оңтүстік пен солтүстікті, батыс пен шығысты жақындататын алып сауда алаңы болу мұратын көздеп отыр. Осылай Қазақстан басшысы жыл ішіндегі кеңейген өрісі мен жетістіктерін баяндады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

В прошлом году был подписан первый договор о создании зоны свободной торговли с Вьетнамом. Сегодня мы обсуждали в узком кругу вопросы и прорабатываем сотрудничество с КНР, Индией, Израилем, Египтом, Ираном, Камбоджей и многими другими странами. Отдельно рассматривается возможность налаживания торгово-экономических связей ЕАЭС с такими интеграционными объединениями, как  ЕС, ШОС, АСЕАН и другие. При этом объединенный рынок Евразийского экономического союза должен стать связующим звеном между Востоком и Западом, Севером и Югом.

Кеңес жиынының күн тәртібінде 14 сұрақ бар. Соның бірі - одақ аясында ортақ энергетикалық және медициналық нарық құру. Ортақ энерго-қазандық серіктестерге өзара ешбір экспорттық салықсыз, шектелмеген көлемде мұнай өнімдерін алып-сатуға мүмкіндік береді. Бұл одаққа мүше елдердің Ішкі жалпы өнімін арттырмақ. Дайын жоба кеңестің кезекті жиынында қаралатын болды.

Владимир Путин, Ресей президенті:

Бүгін біз 2025 жылға қарай ортақ көмірсутек нарығын құрудың тағы бір қадамын жасаймыз. Одақ аумағында газ секторында 1 млрд, ал мұнай саласында жылына 8 млрд доллар табыс беретін, бірдей бәсекелік жағдай жасайтын құжат қабылдаймыз. Биыл дәрі-дәрмек пен медициналық құрылғылардың ортақ нарығы іске қосылады. Қазір қорытынды келіссөздер жүріп жатыр.

Владимир Путин бестікті Ресейдің қолға алған импортты алмастыру бағдарламасына атсалысуға шақырады. Алайда тік мінезді Беларусь басшысы үндемей қалмады. Бір елдің нарығы жабылса, ұйымның жұмыс атқару тетіктерін жетілдіру керек деді. Одақтың экономикалық тиімділігін арттыру үшін мұндай кедергілерді жоюды ұсынды.

Александр Лукашенко, Беларусь президенті:

Бүгінгі күн тәртіпте одағымыздың әлемдік экономикалық жүйедегі орнын айқындайтын біраз сұрақтар белгіленген. Алайда ол үшін бізге өзара ортақ нарықты дамытып алу керек. Өз ішімізден мықты болып, ұйымды күшейту керек. Сонда ғана Еуропалық одақпен, Қытай және басқалармен диалог орнату жеңілдейді. Барлық жағынан одақтастар тең болуы шарт. Әзірге ол жоқ. Онсыз Еуразиялық одақ ішкі де, сыртқы да саясатын нәтижелі жүргізе алмайды.

Әріптесінің кей пікірлерімен Қырғызстан басшысы да келісті. Бірақ кемшіліктерді ұйымның жастығымен байланыстырды. Таулы Қарабахтағы шиелісті меңзеген Армения президенті әріптестерін қауіпсіздік мәселесіне назар аударуға шақырды. 

Серж Саргсян, Армения президенті:

Мемлекеттеріміздің экономикалық дамуының іргетасы - қауіпсіздік. Мен Еуразиялық экономикалық одақтың негізін қалаушы мемлекеттердің Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына да мүше екендігіне назар аударғым келеді. Ал оның басты міндеті - ортақ аумақтың жан-жақты қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Одақтың өзекті проблемаларын ашық айтып, кей тұстарында әріптестер келіспесе де, мүмкіндіктері мен міндеттерін нақтылауда ортақ пікір, мүдде бар. Олар бойынша әрбір тұщымды ой, орынды ұсыныс кеңес хаттамасына түртілді. Президенттердің жоғарғы кеңес шеңберіндегі келесі кездесуі Мәскеуде желтоқсанда өтеді. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ