Бейсенбіде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының САММИТ-і өткен, қорытындысын шығарған Қазақстан Президенті ұйымның біріккен штабының реформасы аяқталғанын хабарлады. Потенциалды қауіптерді анықтаудың мүмкіндігін арттыратын дағдарыс орталығының толыққанды іске кірісетін күні алыс еместігін айтты. Қарулану мен әскери техниканы стандарттау жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылған. «Біздің елдердің қорғаныс кәсіпорындарының өндірістік кооперациясы артады деп үміттенеміз», деді Қазақстан Президенті. Астана САММИТ-де басты тақырып есірткі айналымы болған. Ауғанстандағы ахуал талқыланған. Ұйымға біздің еліміз төрағалық еткен, келесі кезек Қырғыз республикасыныкі. Қазақстан, Қырғызстаннан өзге, ұйымға Ресей, Белоруссия, Тәжікстан және Армения мүше.
Ал кеше Петропавлда Н.Назарбаев пен В.Путин екі мемлекеттің шекаралас аймақтарының дәстүрге айналған форумын өткізді. 15-рет.Биылғы тақырып - туризм. Назарбаев-Путин жиыны туралы Абзал Құрманкин жалғастырады.
Қызылжар жерінде өткізілген Қазақстан мен Ресейдің 15 – аймақаралық әріптестік форумы көрмеден бастау алды. Бұл жолғы ауқымды шара туризм тақырыбына арналған. Қос елдің қырыққа жуық өңірінен жиылған делегаттар бірегей павильондар құрып, жұрт назарын аударуға тырысты. Қостанайлық шеберлер шараға ерекше әшекей-бұйымдарымен келген. Ағаштан сағат жасаудың амал-тәсілін ойлап тапқан Тобыл өңірінің ұсталары қонақтарды таңқалдырды. Ал омбылық делегация полиэтиленнен үлкен шатыр құрған. Олар өз көрмесін жабайы табиғатқа саяхат тақырыбына арнады. Бұдан бөлек, омбылықтар білім беру және медициналық туризмді дамытуды насихаттап отыр.
Анна СТАТВА, РФ ОМБЫ ОБЛЫСЫ МӘДЕНИЕТ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Омбыдағы әрбір жетінші студент - Қазақстан азаматы. Олар бакалавриат пен магистратурада білім алып жатыр. Сондай-ақ, мединицалық туризм жақсы дамуда. Қазақстаннан емделушілер көптеп келеді. Бұл әріптестікті әрмен қарай дамыту көзделіп отыр.
Керемет мекендерге Қызылжардың өзі де кенде емес. Қалың орман мен мөлдір көлдерге бай Шалқар-Имантау аумағы Қазақстанның ең үздік деп танылған 10 туристік мекенінің тізіміне кірген. Қазір оны жүйелі түрде дамыту қолға алыныпты. Шалқар-Имантаудың жобасын шетелдің тәжірибелі компаниясы дайындап жатыр.
Құралай ЖАРОВА, СҚО КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Былтыр біздің облыста 120 мыңнан астам турист демалған. Биыл Шалқар Имантау жерінің жолдарын жөндеуге 3 миллиард теңге бөлінген. Жүз шақырымнан астам асфальт төселді. Ендігі жылы мемлекеттік бағдарламаның аясында бұл аумақтың инфрақұрылымына қаражат бөлінбек.
Аты кеңге жайылған Бурабай туристік аймағының өкілдері де шараға қатысқан болатын. Демалыс орнын келген жұртшылыққа алып денелі Сергей Цырульников таныстырды. Қара күштің иегері тіпті қалың шегелерді майыстыруға қауқарлы Жұртты тәнті еткен батырдың шеберлігін қос елдің президенттері де тамашалады.
Этот узел из гвоздя прежде всего символизирует дружбу народов Казахстана и России. Нурсултан Абишевич, если вы разрешите, Владимир Владимирович, примите!
Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда айналымы былтыр 17 миллиард долларға теңелген. Көршілер енді туризм саласына басымдық беріп отыр. Жыл сайын екі елдің арасында 6 миллионнан астам адам қатынаған. Арттыруға болады, бірақ кедендегі кедергілер тұсау, дейді туризм мамандары.
Павел ШАМАНЕНКО, ОМБЫЛЫҚ ТУРИСТІК КОМПАНИЯНЫҢ ӨКІЛІ:
Біз Қазақстанмен 20 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Жұртты көбінде Бурабайға жіберіп отырамыз. Жазғы маусым кезінде шекарада көліктердің ұзын-сонар кезегі пайда болады. Туристер үшін бөлек есіктің ашылғаны дұрыс. Онда саяхатшылардың саны өсер еді.
Кәсіпкерлерді қажытқан мәселе оқушылар сарайында өткен форумда әңгіме өзегіне айналды. Қос елдің басшылары бұл проблемадан хабардар. Сондықтан қазір визалық-миграциялық талаптарға өзгеріс енгізу амалы қарастырылып жатыр деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазір туризмді дамытуға қатысты көптеген жұмыстардың атқарылып жатқанына қарамастан, әлі талқыға түсетін бірқатар мәселелер бар. Мысалы, шекара бекетінен өту жұмысын жаңғырту, туристік, көлік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру, бірлесе отырып Каспий теңізіндегі туризмді және одан бөлек, ғарыш туризмін дамыту деген сияқты.
Бүгінде туризм саласы әлемдік экономиканың 10 пайызын құрап отыр. Алайда Қазақстанда ішкі жалпы өнімнің бір-ақ пайызы ғана туризм бағытына тиесілі. Жаһанда қарқынды дамып жатқан саладан шет қалмау үшін Елбасы ынтымақтасу керектігін атап кетті. Ресей әрине, қоян-қолтық жұмыс істеуді қолдайды. Владимир Путиннің ойынша, «эко-туризмді» қолға алу керек.
Владимир ПУТИН, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Петропавл қаласын Қазақстан мен Ресейдің арасындағы бірнеше ғасырға ұласқан достықтың нәтижесі деуге болады. Қос елдің халқы ортақ тарихқа бай. Сондықтан тұрғындар екі мемлекеттің тарихын терең зерттеу үшін, әдет-ғұрпымен танысу үшін туристік бағыттарды құру керек. Екі елдің арасында жыл сайын 6 миллионнан астам адам қатынайды. Бұл көрсеткішті ұлғайту қажет.
Бүгінде әлемде ғарыштық туризм де кең таралып келеді. Мәселен, Америка Құрама Штаттарында ғарыш айлақтарын көруге бір миллионнан астам адам ниет білдірген. Қазақстан бұл тәжірибені Байқоңырда енгізуге болатынын айтады. Отандық айлақта жыл сайын шамамен 24 рет ұшырылым болады. Бұл процесті бір сәтте 2 мың адам бақылай алар еді, дейді спорт және туризм министрлігінің өкілдері. Бұдан бөлек, Каспий теңізіндегі шекаралас мемлекеттердің арасында круиздік туризм жобасы іске асуы мүмкін. Екі лайнер Әзербайжан, Иран, Түркменстан, Ресей мен Қазақстанның ірі порттарын араламақ. Кемелерді ресейлік Астрахань және Нижегород облыстары құрастырып жатыр.
Сергей МОРОЗОВ, РФ АСТРАХАНЬ ОБЛЫСЫ ГУБЕРНАТОРЫНЫҢ УАҚЫТША МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Астрахань облысында 300 орынға шақталған круиздік лайнердің құрылысы жүріп жатыр. Олар 2020 жылы дайын болады. Каспий теңізінің жағасындағы елдердің келісімі бар. Жоба сәтті жүзеге асады деген пікірдеміз.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Каспий теңізіндегі көрші мемлекеттермен туризм бағытында әріптестік құрып, визалық-миграциялық режимді жеңілдету керек. Әзербайжан, Түркменстан, Иран Каспий теңізі арқылы турист санын еселеп арттыруы мүмкін. Біздің көршілеріміз Каспийдің әлеуетін кәдеге жарата бастады да. Ортақ инфрақұрылымды толықтыру жұмысын жандандыру қажет.
Пленарлық отырыстан соң екі мемлекет жетекшісі бірегей оқушылар сарайымен танысты. Аумағы 15 мың шаршы метр нысанның құрылысына 3,5 миллиард теңге жұмсалған. Мұнда физика, электромеханика, кино шеберлігі сынды 16 сала бойынша кабинеттер бар. Сыныптар заманауи қондырғылармен жарақтандырылған. Мәселен, биотехнология бөлімінде өсімдікті топырақсыз өсіруге мүмкіндік беретін құрылғы орнатылған. Ал робот жасау бөлмесінде 3д принтерлердің көмегімен кез-келген бұйымды құйып алуға мүмкіндік бар.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Биыл Қазақстан демалыс орындарының үздік ондығын құрды. Бұдан бөлек, форумда айтылған екі жаңа туристік жоба іске қосылмақ. Ендігі жылдан бастап бұл тынығу мекендерін жаңғыртуға қыруар қаржы бөліне бастайды. Нәтижесінде Қазақстанға келетін саяхатшылардың саны 13 миллионға дейін өседі деп болжанып отыр.
Форумда көтерілген басты тақырып бойынша бірер сөз. Туроператорлар елімізге турист тарту, ішкі туризмді дамыту туралы көп айтылғанымен өзекті мәселе көп екенін айтады. Жер жәннаты Шығыс Қазақстанды алайық. Бәрі бар – ну орман, асқар тау, маңғаз дала, қасиетті, тарихи мекендер. Зайсан мен Алакөл. Ауыл-елді аралайтын, қысқы, жазғы, экстремальды, тіпті гастрономдық – кез-келген туризмді дамытуға болады.Тек инфрақұрылым жоқ. Біздің тілшімізге туроператорлардың бәрі соны айтты. Жол жоқ, жол бойы сервис жоқ – дәмхана, туалет, қонақүй деген сияқты. Сонымен бірге таңғалатын шығарсыз, қонақжайлық жетіспейтініне тоқталды. Қонақжайлық деген дастарқан ғана емес, ақжарқын пейіл, дейді олар.
Мұхтар ТОЙБАЗАРОВ, ТУРИСТІК БАҒЫТ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:
Барлық материалдық нәрседен маңызды бір дүние бар. Қазақша айтқанда қонақжайлылық. Бізде құшаққа қысып, күлімсіреу, жылылық сыйлау жетіспейді. Бұл жоғары шенділерден бастап шекарашылар, кеденшілер, полицейлер және көшедегі қарапайым адамдарда да онша көрінбейтін қасиет. Ал менің ойымша, бұл маңызды.
Ал туризм саласында жүргеніне біраз болған Валерия Топольняктің ойынша, Қатон-Қарағайда, Мұзтаудың етегінде 5 жұлдызды отельдер салу керек. БАӘ немесе Түркиямен бәсекелесу қиын және керек те емес. Қазақстанға туристер оларға барғандағыны көру үшін келмейді, тұмса табиғатты тамашалауға келеді. Ұлттық дәстүрді білуге келеді. Қазір әлемде туризмнің осы түрі танымал.
Валерия ТОПОЛЬНЯК, ТУРОПЕРАТОР:
Туристер бізге көшпенділердің мәдениетін көруге келуші еді. Бірақ оны көрсете алмаймыз ба деп қорқам. Киіз үйдегі тіршілік, бүркіт салу, жылқылар деген сияқты. Ал Америка мен Еуропа азаматтары сол үшін Моңғолияға барады. Мемлекет өкінішке қарай, осыған мән бермей отыр. Бізді ешкім білмейді. Елді таныстыру, инфрақұрылымдарды дамыту, этнографиялық ерекшеліктерді әспеттеу - қатар жүруі керек.
Туроператорлар ішкі туризмді де дамытудың маңызды екеніне тоқталды. Маңғыстау тұрғыны Шығысты аралап, Шығыстың адамы батыс аймақты тануы аса маңызды. Қалай барам, қайда тоқтаймын, қандай бағытта жүремін және қаншаға шығады? -деген сияқты сауалдардың жауабы дайын болуы керек. Елдің әрбір азаматы Отанымыздың әр бұрышын дерлік көргісі келетініне күмәнім жоқ. Рухани жаңғыру туралы плакаттардың қажеті болмас еді, соны ұйымдастыра алсақ... Ішкі істер қызметін реформалаған Грузияға жылына 7 млн турист барады екен! Олар сияқты полицияны реформалай алмаймыз дедік, сонда турист те тарта алмайтынымыз ба?