$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Оралда құрт ауруы белгілері табылған мұғалім ауруханаға жатқызылды

AstanaTV
12.11.2018ж. 20:00
5946
Оралда құрт ауруы белгілері табылған мұғалім ауруханаға жатқызылды

Оқытушысынан құрт ауруының ашық белгілері анықталған Оралдағы мектепте карантин жарияланбайды. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, осылай деді. Өйткені, туберкулез қатерлі ауруға жатпайды,-дейді дәрігерлер. Науқас мұғалім қазір ауруханаға жатқызылған. Ал, ол сабақ берген оқушыларға жаппай манту сынамасы жасалмақ. Мектептегі келеңсіздік жайлы әріптесім Еркін Карин хабарлайды.  

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

Науқастанған мұғалім мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ берген. Мектеп директоры оның екі апта бұрын ауырғанын айтады. Сол кезде оған «Пневмония» диагнозы қойылыпты. Кейін емделіп жұмысқа шыққанымен, құлан таза айыға қоймаған көрінеді. 2 қараша күні денсаулығы тағы сыр берген. Оның туберкулездің ашық түрімен ауыратыны сол кезде анықталған,-деді мектеп директоры. Жазғы дәрігерлік тексеру кезінде денсаулығында кінәрат болмаған деп отыр.

Қазір білім ошағында дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліпті. Енді ата-анасы келісімін берсе, мұғалім сабақ берген 183 оқушыға екпе жасалмақ. Сонымен қатар, мектеп ұжымы да толықтай қайтадан денсаулығын тексертеді. 

Ғибарат ОРЫНҒАЛИЕВА, ОРАЛ ҚАЛАЛЫҚ №26 ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ: 

Науқас оқытушының біздің мектепте жұмыс істегеніне 15 жыл болды. Жалпы еңбек өтілі-35 жыл. Соңғы 3 жылда ауырып, тіпті жұмыстан сұранған жан емес. Оның туберкулезге қалай шалдыққанын білмейміз. Мұны өзі де қатты уайымдап жүр. Ал, ата-аналардан бұл жағдайға түсіністікпен қарауын сұраймыз.

Қазір науқас мұғалім ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның денсаулығына қатысты ештеме айтпады. Ал, қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері мектеп ұжымы мен оқушылардың жағдайы қалыпты дейді. Алғашқы тексеру кезінде ауру белгілері табылмаған. Карантин жариялауға да негіз жоқ екенін айтты.  

Гүлмира КАЖУШЕВА, БҚО ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС МАМАНЫ: 

Туберкулез ауруы ондай қатерлі ауру деп айта алмаймыз. Туберкулез ауруында карантин салынбайды. Оба секілді өте қауіпті аурулар кезінде салынады. Ал, туберкулез ауруында қорытынды дезинфекция жасалады ошақта. Әр адамның организмінде «Кох» таяқшасы болады. Дұрыс емделмесе, содан әрі қарай асқынып кетуі мүмкін.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ: 

Бүгінде Батыс Қазақстан облысында 265 адам құрт ауруымен ауырады. Олардың 90-ы туберкулездің ашық түрін жұқтырған. Дәрігерлер дерегінше, биыл науқастардың азайғаны анықталған.

Е. Карин