Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Үкімет тарифтерді төмендетуге қатысты жоспар әзірлемек

AstanaTV
13.11.2018ж. 20:00
2631
Үкімет тарифтерді төмендетуге қатысты жоспар әзірлемек

Тарифтерді төмендетуге белсене кіріскен Үкімет жарық және жылумен шектеліп қалмайтын болды. Жаңа жылдан бастап су, интернет, кәріз жүйесімен бірге тұрғындардың пәтер иелері кооперативі үшін төлейтін ақылары да азаймақ. Бүгін тариф мәселесі талқыланған Үкімет отырысында Бақытжан Сағынтаев тіпті білім беру мен медицина қызметтерінің де ақысын қайта қарауға тапсырма берді. 

ГүлмираТACБОЛАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Президенттен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында тарифтерге байланысты таяқ жеген Үкімет бұл мәселені мықтап қолға алған сыңайлы. Бақытжан Сағынтаев бүгінгі отырыста тиісті министрліктерге бірінші желтоқсанға дейін тарифтерді төмендеу жоспарын түзеуді тапсырды. Оған сай бағаларға ықпал ететін монополистердің барлық шығындары май шаммен қаралмақ.

Алдымен электр және жылу өндіретін алып кәсіпорындар тексеріледі. Олардың өз тауарына заңсыз қосатын негізсіз, яғни, өндірістік емес шығындары алынып тасталатын болады. Екінші кезекте осы тауарды тұрғындарға жеткізетін кәсіпорындардың тарифтері қайта қаралмақ. Бағаны төмендету туралы жоспар дайындағанда тиісті сала мамандарымен қатар тұрғындардың да пікірі ескерілсін,-деді Сағынтаев. Ол үшін арнайы желі ашылып, аймақтарда қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылмақ.    

Бақытжан САҒЫНТАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:  

Мысалы, электронды форматпен тарифтердің жобасын ұсынған кезде қоғам сол өзінің пікірлерін электронды формат ақылы сіздерге ұсына алады. Қоғамның өкілдері, эксперттер кез келген азаматтар сол ұсынылған ұсыныстардың бәрі ескерілуі қажет. Обратная связь дейді ғой. Сол ескерілуі керек. Ол жайдан жай жазып жіберіп, оны ешкім қарамайтын болса, одан ешқандай өзгеріс болмайды.

Елдің оңтүстігіндегі жылу электр станциялары газбен жұмыс істейтіндіктен, олар өндіретін жылудың бір гигакалориясы 5 мың теңге төңірегінде. Салыстыру үшін айтайық, солтүстік аймақтардағы көмір жағатын осындай станциялардағы жылу құны екі есе арзан. Осыны алға тартқан үкімет қазір тауарлы газдың көтерме бағасына шектеу қою туралы бұйрық әзірлеп жатқан көрінеді.  

Қанат БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:  

Біздің бағаларымыз бойынша көтерме сауда бағасын 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап төмендету тауарлық газдың түпкілікті бағасын өңірлерге байланысты газ пайдаланатын электр станциялары үшін 6-дан 15 пайызға төменетуге мүмкіндік береді. Тиісті бұйрық ағымдағы жылдың қараша айының соңына жоспарлануда.

Бір апта ішінде жылу өндіретін 10 кәсіпорынның төрт жарым миллиард теңгені заңсыз иеленгені анықталған. Ал, электр энергиясын өндіретін 14 монополист компания тұрғындардың қалтасын 12 миллиард теңгеге қаққан. Бұл ақша жаңа жылдан бастап тұтынушыларға қайтарылады. Ал, тарифтерді негізсіз көтерген жосықсыз монополистер қатаң жазаға тартылады. Осы заңбұзушылықтарға жол берген монополияға қарсы комитеттің облыстардағы басшыларының түгелі дерлік таяқ жепті.  

Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:  

Бірқатар облыстардың, атап айтсақ Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай, Жамбыл облыстары мен Астана қалаларының монополияға қарсы күрес агенттік басшыларына сөгіс жарияланды. Тағы бір аумақтық басқарма басшысы қызметінен қуылды.

Жазадан министрліктегілердің өздері де шет қалған жоқ. Бұған дейін президент монополияға қарсы комитет басшысына сөгіс жарияласа, бүгін Ұлттық экономика вице- министрі Серік Жұманғарин Үкімет басшысынан сөгіс алды. Үкімет отырысында Бақытжан Сағынтаев халықты қатты толғандыратын мәселелерге қатысты жағымды жаңалық айтты. 

Бақытжан САҒЫНТАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР МИНИСТРІ: 

Білім және Ғылым, Денсаулық сақтау министрліктеріне осы салаларда халықты алаңдатып отырған өзекті мәселелерді шешу бойынша мен де жұмыс кеңесін құруды тапсырамын. Негізгі акцент-оқу құнын және медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек бағасын төмендету, мерзімі екі апта.

ГүлмираТACБОЛАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Премьер тарифтерді төмендету-қызмет сапасының нашарлауына және өнеркәсіптің құлдырына әкеп соқпайтындай болуы керек, деп қадап айтты. Сондай-ақ, ол жергілікті әкімдіктерге көмір, дәрі-дәрмек пен азық -түлік сынды әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын да бақылауда ұстауды тапсырды.

Г. Тасболатқызы