Тарифтер мәселесі «мәселе» болып тұр. Прокурорлар монополистерді, министрлер қарамағындағыларды «әшкерелеп» жатыр... Монополистердің тұрғындарға жеткізетін тауарды монополияға қарсы комитеттермен бір бағаға келісіп алып, іс жүзінде одан екі есе арзанға алатыны – солай істеуге ықпайтыны, бюджеттен бөлінетін дотацияны банке депозитке салып, айналдыратыны, тозған инженерлік қондырғыларды ауыстырмайтыны – ол міндетін бейнелеп айтқанда, «топыраққа көміп қойғаны» екі тараптың да – монополистердің де, оларды қадағалайтын атқарушы биліктің де «әшкерелеуге» лайық екенін көрсетеді. Тек, соңы сиырқұйымшақтанып, көпшіліктің көңілін аулау сипатындағы шаралардың бірі болып шықпаса. Данияр Әлімқұл жалғастырады.
Данияр ӘЛІМҚҰЛ, ТІЛШІ:
Тарифтерді төмендету тапсырмасы жоғарыдан жетті. Президент төлемдерді қымбаттатуды «қылмыс» деп қадап айтты. «Тоқ көзінің тарифі жыл соңына жетпей төмендеуі тиіс. Осы жұмыс орындалмаса жауаптылар жазаланады». Президент Ақордадағы Қауіпсіздік кеңесінің отырысында осылай деген еді. Ал, қуат тарифіне қатысты мекемелер ісін «майшаммен» қараған Бас прокуратура біраз былықтың бетін ашты. Анықтағандарындай, жабдықтардың 60 проценті жаңартылмаған. «Жөндейміз» деп алақан ысқылағандар ақыр аяғы ақшаны ауаға жұмсағанға ұқсайды.
Шымкентте күлетін, хәм күрсінетін жағдай тағы бар. Мұнда жарық құны тамызда бір тиынға ғана төмендеген. Қазір үшінші мегополис халқы киловаттына орташа есеппен 18 теңге 82 тиын төлейді. Қоғамдық тыңдау да өтті. Газ, электр энергиясы, ауыз су мен жылу бағасына қатысты қызу талқылау болды.
Нұркөз ЖАҢАБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
Бізде екі сұрақ болып тұр қала бойынша. Қанша пайызға газды түсіруге болады, ол бірінші сұрақ. Қанша пайызға электр энергияны түсіруге болады? Соны айтып бере аласыз ба?
Азамат ИСМАҒУЛОВ, «ҚАЗТРАНСГАЗ АЙМАҚ» АҚ ОҚӨФ ДИРЕКТОРЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:
Нет. Возможности пока мы не видим на снижение тарифа.
Қызылорда да дәл солай. Бар болғаны 1 тиынға төмендетіп мәз. Төмендетуге прокурорлардың тынбай тексеруі түрткі болған. Олар тоқ таратушы тараптың шаруасынан шикілік табады. Энергетиктер болса, тарифке сатып алынған жаңа қондырғылардың шығынын қостық деп отыр.
Шыңғыс ЕСЖАНОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ:
Тарифтік сметаның орындалмауы, тарифтік сметаға негізсіз шығындарды қосудан көрінген бұзушылықтар анықталған. Облыстық прокуратурамен енгізілген прокурорлық қадағалау актісінің негізінде аталған ұйымға уақытша өтемдік тариф енгізілді. Жалпы сомасы 73,5 миллион теңгеге.
Қызылордадағы қуат көзін бөлетін оператор «Табиғи монополиялар туралы» заңнаманы бұзған. Сол үшін акционерлік қоғамға 1,4 миллион теңге айыппұл салынды. Алайда, мекеме басшысы барлық көрсетілген шығындарды заңды деп отыр. Облыстағы электр желісінің 70 пайызы тозған көрінеді.
Мұхитжан КӘРІМБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ЭЛЕКТР ТАРАТУ КОМПАНИЯСЫ АҚ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:
Біз Еуропалық банктің кредитімен жұмыс жасап жатырмыз. Реконструкция, модернизация жасап жатырмыз. 2,6 млн. соған сақтандыру жұмыстарын жүргізгенбіз, солардың талабы бойынша. Үшіншісі бізде ұрлық болған, біздің подстанцияларда. Сол үш позицияда 11 миллионнан аса қаржы негізсіз деп, соны біздің тарифтен алдыртты.
Ал, тараздық тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтушы «Тараз-Су» мекемесі тарифті 20 пайызға төмендеттік дейді. Бұған дейін 81 теңгеден саудаланған суық судың текше метрі 65 теңгеге түскен.
Гүлмира ТОҚАЕВА, «ТАРАЗ-СУ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРЫНЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Тарифтік деңгей 1-ші маусымнан бастап 81 теңгедегі орташа босату тарифі енгізілген болатын. Яғни, біз тарифті төмендету шарасы негізінде 1-ші қазаннан бастап орташа босату тарифін 65 теңгемен су беріп жатырмыз.
Алайда «Тараз-Су» басшылығының айтқан сандары мен Тараздағы Табиғи монополияларды реттеу департаментінің келтірген сандары бір бірімен сәйкес келмейді.
Бауыржан КӨРПЕБАЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
Мұздай судың бағасы 22 пайызға түсіп отыр. Кезінде халық 52 теңге 30 тиыннан төлесе, бүгінгі күнде 40 теңге 83 тиын төлейтін болады.
Айта кетейік, Тараздағы газ бен жылудың тарифі өзгеріссіз қала бермек. Тұрғындар көгілдір отынның 1 текше метрі үшін 27 теңге 27 тиын төлесе, жылу тарифі үшін 127 теңге 85 теңге төлеп отыр. Себебін сұрағанымызда тасымалдау тарифі төмендемей баға басқаша болмайтынын айтты. Ал, Жамбылдағы коммуналдық мекемелердің жабдықтары жаңартылып жатыр ма? Сұрап көрдік.
Бауыржан КӨРПЕБАЕВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ТМР, БТҚҚД БӨЛІМ БАСШЫСЫ:
- Су жүйесі бойынша 70 пайыз болған екен.
- Ескі?
- Иә. Жылу энергиясы да шамамен сондай болып отыр.
- Ескі ғой?
- Иә, иә. Износ! Ал, электр энергиясы бойынша оның да 70-ке барады, 65 пайыздай...
- Жаңартылмаған ба?
- Иә, жаңартылмаған.
Осындай жаңартылмаған жабдықтардың құрылысына қаржы табу үшін монополистер халықтың қалтасын қағады. Оның жолы – тарифті өсіру. Енді бұл қулықтың жолы кесілетіні... жылымық жаңалық болды. Ал, жамбылдықтардың басым бөлігі жер үйлерде тұратындықтан қыс бойы көрпемен қоса көгілдір отынның көмегімен жылынады. Соның бірі Қанымкүл Мантеева. Бұл кісі айтады: «Өз газымыз бола тұра өзге өңірлерден тарифіміз қымбат» деп.
Қанымкүл МАНТЕЕВА, ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Газға ақша көп кетеді. Жер там болғандықтан, қанша дегенмен күн суығанда қосамыз ғой. Мысалы, біз бір қосып, бір өшіреміз. Өткенде көп қосып едік, айына 30 мың теңге шығып қалады. Бізге ол қиындау, қарапайым болғаннан кейін, бір айлыққа қарап отырғаннан кейін өте қиын.
Тарифтерді төмендету тақырыбында тағы бір айта кететін нәрсе... Ол баға саясатын қою ісіне қоғамдық бақылау қаншалықты ықпал етеді? Сауалымызға сарапшы маман бұқара болып бағаны бақылауға болады деді. Бірақ ...
Асхат АСЫЛБЕКОВ, "ЭНЕРГЕТИКА" ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ, САРАПШЫ:
Бірақ қандай мәліметтер бізге беріледі. Ол екінші сұрақ. Егер мәліметтер толық берілсе, сонда санап, салыстырып бәрін жасауға болады. Менде бірнеше сұрақ туған. Анық цифрасын ешкім бермеді. Мысалы, «осынша пайда таптық, 6 жылдың ішінде, осынша ақша модернизацияға кетті» деп ешкім айтпайды. Анық есеп бермейді.
Сарапшы бұған дейін 2016-17 жылдары Алматыда тарифтерді төмендету тақыбырында 4 рет қоғамдық кеңеске қатысқан. Ашықтық пен айқындық жоқ дегеніне қарағанда әбден көңілі қалған. Ал, тарифтер бағасының түсуін қалың жауып, қайта еріп кететін қар секілді құбылыс санайды. Өйткені, өнеркәсіптің өзіндік инвестициялық жоспары болады дейді. Сол 3-5 жылға жасалатын жоспарға сай бірде түсіріп, бірде көтеріп ойнамалы саясатпен науқаншылық жасап отырады деп түсіндірді.
Асхат АСЫЛБЕКОВ, "ЭНЕРГЕТИКА" ЖУРНАЛЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ, САРАПШЫ:
Мен де ойлаймын сол, науқан деп. Өйткені бірнеше ай шулап-шулап, одан кейін қайтадан монополистер хат жазады. Өздерінің әрбір қалалық, облыстық мәслихаттарына хат жазады, өзінің тарифті көтеру керектігін дәлелдейді. Содан кейін мәслихаттары қолдайды. Қайтадан тарифтер көтеріледі. Мен оған сенбеймін. Жыл сайын тарифтер 2-3 пайызға көтеріліп тұрады.
Данияр Әлімқұл, Айзада Төребекқызы, Ришат Асқарбекұлы, Эльдар Байділда "Біздің уақыт"