Ресейдің Саратов облысындағы жол апатынан қаза тапқандардың барлығы өзбек азаматы. Ал, көлік жүргізушісі мен оның көмекшісі қазақстандық. Олар апаттан аман қалғанымен, өмірлері қыл үстінде. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі мәлімдеді. Жүк пойызы мен ішінде 7 адамы бар автобус екі күн бұрын соқтығысып, 5 адам қаза тапқан еді. Бағдаршамның қызыл түсін елемеген автобус жүргізушісі теміржол өткелін қиып өтпек болған. Көлікті тізгіндеген Қазақстан азаматы 61 жаста.
Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Жағдайлары өте ауыр. Қазіргі таңда Саратов облысының ауруханасына жеткізілді. Туыстары да сол жақта. Хабарландырылды. Біздің Астраханьдағы консул бұл мәселені ерекше бақылауына алып, күнделікті жұмысын жүргізіп жатыр.
Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте шетелге барып, жоғары жалақы тапқысы келген 20-ға тарта қазақстандықтың алаяқтар құрбаны болғаны белгілі болды. Зардап шеккендер қомақты ақшадан айырылған. Келген шығын әзірге белгісіз. Жақында Чехияда жұмыс істеуге шақыратын алаяқтардың тағы бір схемасы анықталған. Сондықтан, Сыртқы істер министрлігі азаматтарды мұқият болуға шақырады.
Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
Қазақстандық компания көбінесе мұндаймен айналысып жатқан. Осында. Еуропаға жұмысқа барасыңдар, деп туристік визаларды береді екен. Бірақ, онымен жұмыс істеуге құқығы жоқ.
Г. Меңдеева